Полиция қызметі үлкен жауапкершілік жүктейді - Тұрар Серікбаев

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада учаскелік полиция қызметкері Тұрар Серікбаев қоғам қауіпсіздігін сақтау жолында жемісті еңбек етіп келеді. Полиция қызметінде ол 12 жылдан астам уақыттан бері уақытпен санаспай абыройлы жұмыс жасап жүр. ҚазАқпарат тілшісі учаскелік полицейдің жұмыс кестесіне назар аударды.

«Бала кезімізден бұл саланың қым-қуыт тіршілігінен хабардармыз. Олардың атқарған жұмысына қызыға қарап келгеніміз жасырын емес. Ол жайында түрлі кино көрдік. Кітаптан оқыдық. Осылайша мамандық таңдауға келгенде полицей болуға ықыласымыз оянды. Полицияда еңбек етуді алдыма мақсат етіп қойдым. Заң университетінің Қызылорда филиалында білім алдым. 2008 жылы полиция қызметіне қабылдандым. Алғашқыда аталған салада түрлі қызметтер атқардым. 2012 жылдан бастап учаскелік полицей қызметіне келдім. Бұл қызметтің жауапкершілігі өте үлкен екенін түсінемін. Таңнан түнге дейін жұмыс жасаймыз. Мамандығымыз өте жауапты екенін білемін. Сондықтан оның қиындығына төтеп беруге тырысамыз. Ең бастысы, адам өмірінің тыныштығын сақтауға үлкен мән береміз. Тәуліктің қай уақытында болса да, сол бағытта қызмет жүргіземіз. Біз үшін халық алғысын арқалап, тұрғындардың қалыпты тыныс-тіршілігін қалыптастыру - негізгі мақсаттың бірі», - дейді Тұрар бізбен әңгімесінде.

Тұрар қаланың орталық бөлігінде қызмет жасайды. Бұл аумақта көпқабатты үйлер, теміржол вокзалы, демалыс паркі, мейрамхана және өзге де ірі мекемелер бар.

Сондықтан түрлі қылмыстар, құқық бұзу, отбасылық кикілжіңдер болып тұрады. Тіпті, елді елең еткізген түрлі оқиғалар да кездеседі.

«Бірде мынадай оқиға болды. Демалыс паркіндегі биік аттракционға мініп алған азамат өз өміріне қауіп туғызды. Сол сәтте құтқарушылармен бірге полицейлер де өте жауапты жұмыс атқарды. Ішкілік буымен осындай қадамға барған азаматты райынан қайтарып, оны төменге түсіріп алуға көңіл бөлдік. Осындай орайлы істің арқасында бір адамның өмірін аман сақтап қалдық»,- дейді ол.

Қым-қуыт жұмысынан қолы қалт еткен сәтте ата-анасымен жүздесіп, оларды емен-жарқын әңгімеге тартқанды ұнатады.

Әкесі - Жұмабек, анасы - Әнепия баласына ақыл айтып, ізгі қасиеттерді бойына сіңіруге тырысады.

Бүгінде өзі де отбасылы болды. Құдайқосқан қосағы – Салтанат екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.


Соңғы жаңалықтар