Полиция интернет арқылы ең көп жасалатын қылмыс түрлерін атады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қалалық Полиция басқармасы интернетте жиі кездесетін алаяқтықтың 5 түрін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірінші орында өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар тұр. Бәрі алдын ала ойластырылған жоспар бойынша іске асады. Жәбірленушіге қоңырау шалған алаяқ «сіздің шотыңыздан ақша аударылған» дейді. Бұған сенген азаматтар өздерінің жеке мәліметтерін айта салып, банк картасындағы ақшаларынан айырылып қалады. Шаһарда дәл осындай тұзаққа түскендерге жалпы сомасы 21 миллион 682 мың теңге мөлшерінде шығын келген.

«Алданғандардың көбі 40-тан асқандар. Алаяқтар оларға қоңырау шалған кезде «шотыңызды біреу ашып алды» деп қорқытады. Мұны естігенде үрейленген адам барлық деректерді айта салады, тіпті картаның нөмірін ғана емес, артындағы үш таңбалы кодты да айтады. Қандай жағдай болса да бұл мәліметтерді құпия ұстау керек. Өйткені осы деректерді білген адам шоттан ақшаны оп-оңай шешіп ала алады», - деді деді қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғалымбек Тұрысбеков.

Екінші орынды Kolesa.kz сайтындағы алаяқтар алды. Автокөлік немесе қосалқы бөлшек сататындығы туралы хабарландыру жариялаған әккілер қызығушылық танытқандарға алдын ала төлем жасау қажеттігін айтады. Бұндай арбауға іліккен тұрғындар 15 млн теңгелерінен айырылды.

«Үшінші орында – «Кәсібіңізді дамытуға көмектесеміз» дейтін алаяқтар. Осы әдіспен жұртты алдайтындардың көбі адам психологиясын жақсы меңгерген. Жәбірленушілердің бірі табысын арттырамын деп миллион теңгеден астам қаражатынан айырылып қалды. Өскемендіктерге жалпы келтірілген шығын мөлшері – 11 миллион 785 мың теңгені құраған», - деді Ғалымбек Тұрысбеков.

Шағын несиелік ұйымдарда қала тұрғындары 9 миллион 151 мың теңге шығынға батты. Пандемия кезінде қиын жағдайға тап болғандар кірісті тексермей қажетті соманы беретін ұйымдарға жиі жүгінген. Алайда несиені төлеп біткеннен кейін клиенттің әлі де біршама қарызы бар болып шығады. Өйткені қарыз алушының мәліметтеріне қол жеткізген алаяқтар оның атынан интернетте тағы несие рәсімдеп отырған.

Интернетте жиі кездесетін бесінші алаяқтық – OLX сайтында және Instagram желісіндегі сауда-саттық. Бұдан келтірілген шығын мөлшері – 7 миллион 474 мың теңге.


Соңғы жаңалықтар