Полиция бастығы әжетхана күзетпегені үшін айыпталған мұғалімнен кешірім сұрады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістандағы №15 мектептің мұғалімін «әжетхана күзетпегені үшін» ұстап әкеткен қалалық полиция басқармасының бастығы Данияр Мейірхан ұстаздан кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде қала әкімі Рашид Аюпов өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Түркістандағы №15 мектепте орын алған жағдай баршамызды алаңдатты. Бұл жағдайды өз бақылауыма алып, мән-жайын анықтадық. Келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Бірақ, ұстаздың орны бөлек, әрдайым беделі биік. Балаларға білім беретін жандар қашан да біздің қолдауымыз бен қамқорымызға жүгіне алатынына сенімді болуы тиіс. Қалалық ішкі істер бөлімінің бастығымен бірге ұстаз алдына бардық. Ұстаз үйінде полиция басшысы кешірім сұрады, ұстаз кешірімін берді. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін барлық шаралар жасалатынын хабарлаймыз» деп жазды шаһар басшысы.

Еске сала кетейік, Түркістанда Мағжан Жұмабаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Бақыт Кеукенов «әжетхана күзетпегені үшін» жазықты болған еді. 31 жылдық өтілі бар ұстазды қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткен.

Мектеп директоры К. Әбдіқадырованың жазуынша, мұғалім аяқ киімінен су өткен соң соны ауыстыру үшін мектеп ғимаратына кірген. Алайда полицейлер қарсылық көрсеткеніне қарамастан ұстаздың қолын қайырып, бөлімшеге әкетіп қалған. Бұл жағдайды сол жерден өтіп бара жатқан ұстаздар мен оқушылар көрген. Полиция болған оқиға бойынша арнайы хаттама толтырып, айыппұл рәсімдеп, төлеткен.

Кейін бұл жағдайды естіген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімге араша түсті.

фото: facebook.com/rashid.ayupov
Соңғы жаңалықтар