Полицейлерді бүлікшілер қолынан құтқарған; Қызылорда тұрғынына құрмет көрсетілді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жаппай тәртіпсіздік кезінде азаматтық ұстанымын танытып, полиция қызметкерлеріне көмек берген қала тұрғыны Мақсат Сейітжапбарұлына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сын сәтте адамгершілік үлгісін көрсеткен азаматты қалалық Полиция басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров арнайы қабылдады. Жүздесу барысында басқарма бастығы қала тұрғынына құқық қорғау саласының қызметкерлеріне қиын сәтте демеу болғаны үшін алғыс білдірді.

«Қаламызда 4-5 қаңтар күні жергілікті тұрғындардың жиналуымен бейбіт шеру болды. Алайда 5 қаңтар күнгі шерудің соңы жанжалға айналып кетті. Ойда жоқта бүлікшілер араға от салды. Бүлікшілер тарапынан полиция қызметкерлерін соққыға жығып жатқан жағдайлар болды. Сол сәтте тез арада ортаға араша түсіп, оларды барынша қорғауға тырыстым», - деді Мақсат Сейітжапбарұлы жүздесу барысында.

Жанашыр жан 3-4 полицейдің бүлікшілер қолынан жарақат алмауына себепкер болып, олардың қауіпсіз жерге шығуына көмектескен.

Қалалық Полиция басқармасы тарапынан М.Сейітжапбарұлына алғыс айтылып, естелік сыйлығы тарту етілді.

Еске салсақ, жаппай тәртіпсіздік кезінде ұялы телефон аксессуарларын ұрлаған қызылордалық ұсталды.


Соңғы жаңалықтар