«Подстепное-Федоровка» жолын жөндеуге бюджеттен 6 миллиард теңге бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жол құрылыстарының қалай қаржыландырылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Бейнеу – Шалқар – Ырғыз» автожолының құрылысына техникалық экономикалық негіздеме әзірлеуді жоспарлап отырмыз. «Подстепное-Федоровка» жобасын іске асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 2 учаскеге 6 миллиард теңге бөлінді. Қалған 2 учаскеге батыс өңірдің «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалары аясында қаражат тарту жоспарлануда», - деді Қ. Өскенбаев Үкімет отырысында.

Бүгінгі таңда Ұлттық экономика, Энергетика министрліктерімен және облыс әкімдігімен бірлесіп жолдың екі учаскесін қаржыландыру үшін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» міндеттемелерін қайта қарау жұмысы жүргізілуде.

«Жезқазған-Қарағанды және Семей-Өскемен жобалары бойынша қаржыландыру көздерінің түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді кезең-кезеңімен 2022-2023 жылдарға аяқтау жоспарланған», - деді Индустрия министрі.

Бұған дейін Индустрия министрі автожол саласындағы жобаларды іске асыруға биылғы бюджеттен 601 миллиард теңге бөлінгенін айтқан еді.

Ал 2025 жылға дейін республикалық жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 100 пайызға жетеді.

Сонымен бірге, елдегі көлік-транзиттік әлеуетін арттыру үшін Қазақстан арқылы өтетін 8 көлік дәлізі жаңғыртылады.



Соңғы жаңалықтар