Пилоттық жоба: Алматының барлық аудандары сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар тұрғылықты жеріне қарамастан жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі.

Бұл туралы Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифинг барысында ол қаланың шеткі аудандарын интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ бірыңғай деректер қоймасы шеңберінде пилоттық жобаны іске асырылып жатқанын мәлім етті.

Қазір Алматының Цифрландыру басқармасы NLS Kazakhstan компаниясымен бірлесіп Түрксіб ауданының «Нұршашқан» және Наурызбай ауданының «Тастыбұлақ» шағын ауданында пилоттық режимді іске асыруда. Бұл учаскелерде талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

«Бүгінгі таңда «Нұршашқан» және «Тастыбұлақ» шағын аудандарына қарай кабельдерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сауалнамалар мен өтініштер негізінде Алматы қаласы бойынша интернетке қосылуға қатысты 8 мыңнан астам өтініш жиналды», - деді Баян Қоңырбаев.

Сонымен қатар, ол тұрғындарды сапалы интернетке қосу және цифрландыру Алматының жаңа аудандары тұрғындарының үйлерінде отырып мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алуына, онлайн оқуға кең мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Біздің міндетіміз – тұрғылықты жеріне қарамастан, қаланың шеті немесе орталығы болсын, бәріне бірдей сапалы ұялы байланыс қызметін ұсыну. Бұл жұмыс қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен әзірленген «Жаңа Алматы» кешенді даму бағдарламасына сай жүруде», - деп атап өтті Баян Қоңырбаев.


Соңғы жаңалықтар