Пікірсайысқа қатыспаған 27 кандидат праймеризден шығарылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының хатшысы Марат Сембеков праймериз қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Назарларыңызға Партиялық бақылау комитетінің жұмыс қорытындыларын ұсынамыз. Праймеризге кандидаттарды тіркеу басталғаннан бері 30-дан астам арыз-шағым қаралған. Праймеризге қатысудан барлығы 34 кандидат алынып тасталды, оның ішінде 27-сі пікірсайысқа қатыспағаны үшін шығарылды. Шағымдар мен тәртіп бұзудың көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарында тіркелген. Сонымен, Г.Алиханқызының шағымы бойынша партия атына кір келтіретін іс-әрекеттері үшін Ж.Зекейұлы кандидат ретінде тіркеуден алынды. «Азия Центр Снаб ЖШС» БПҰ жаңа мүшелерін партияға дәйексіз мәліметтермен қабылдағаны үшін кандидаттар У.Алиева мен Д.Пернееваның тіркелуі жоққа шығарылды. Онлайн дауыс беру барысында партия мүшелерінің мобильді телефон нөмірлерін жалған енгізгені үшін М.Болысбек және Т.Ерғалиев тіркеуден алынды» деп жазды Марат Сембеков Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, праймериз барысында 30-дан астам партия мүшесіне партиялық шара қолданылған.

«Кандидаттарға үгіт-насихат жүргізу алаңдарын ұсынбағаны үшін Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі А.Е. Рахимбетовке сөгіс жарияланды, Алматы қаласы Бостандық және Әуезов аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Б.М.Джамбылов пен Н.А. Ордабаеваға, сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.К.Қасымовқа ескерту берілді. Кандидаттардың мектептерде және басқа да мемлекеттік мекемелерде үгіт-насихат жүргізуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданды. Алматы қаласында үгіт-насихат материалдарын жабыстыру және Атырау облысында мемлекеттік жауапты тұлғаның суретін оның рұқсатынсыз пайдалану фактілерінің жолы кесілді. Ақмола және Қарағанды облыстарында 480 партия мүшесінің бір телефон нөмірімен тіркеу фактісі тоқтатылды» дейді партия хатшысы.

Сондай-ақ Тараз қаласында нақты кандидаттарға дауыс беру үшін СМС-кодты анықтау мақсатында партия мүшелеріне қоңырау шалған есеп комиссиясы мүшелеріне партиялық жазалау шарасы қолданылған.

Қазір Партиялық бақылау комитетіне және оның аймақтардағы комиссияларына дауыс беру кезіндегі тәртіп бұзу фактілері жөнінде шағымдар түсіп жатыр. Барлық арыз бойынша жедел тексеріс өткізіліп, тиісті шаралар қабылдануда.

«Жалпы, Елбасының тапсырмасына сәйкес Партиялық бақылау комитетінің халық көтеріп жатқан резонансты мәселелерге жедел әрекет ету, сонымен бірге партия мүшелерінің Жарғыны, Әдеп кодексін және партияның басқа да бағдарламалық құжаттарын сақтауын мониторингілеу бойынша жұмыс күшейтілді. Партиялық бақылау комитетінің осы бағыттағы жұмысы жүйелі түрде жалғастырылып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланады» деп атап өтті Марат Сембеков.


Соңғы жаңалықтар