Петропавлдық рестораторлар дәрігерлерді тегін түскі аспен қамтамасыз етіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың рестораторлары Жедел жәрдем қызметінің мамандарына қиын кезде қолдау көрсетіп, түскі асты оларға күнделікті тегін жеткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдың рестораторлары республикалық #дәрігерлердіқолда челленджіне ат салысып жатыр. «СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы» ҚҰ төрағасы Сайран Хамзин бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Біз бүгіннен бастап #дәрігерлердіқолда челленджіне қатысып жатырмыз. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген, 24/7 режімінде жұмыс істейтін Жедел жәрдем қызметінің барлық дәрігерлеріне тегін ыстық тамақ жеткізетін боламыз. Менің әріптестерімнің бұл азғантай ғана көмегі инфекцияны қаламызда, елімізде және әлемде жеңетін күнді жақындатсын. Бізге қолдау білдірген «Центр плова», «Хуторок», «Piccolino», «Тбилиси», «Besbarmak» және «Тенгри» қоғамдық тамақтану орындары мен дәмхана-мейрамханаларына алғысымды білдіремін», - деп жазды Сайран Хамзин.

Петропавлдағы Жедел жәрдем қызметіне күнделікті 60 адам кезекшілікке түседі. «СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы» ҚҰ атқарушы директоры Андрей Фроловтың айтуынша, бүгін дәрігерлерге түскі асты «Компот» асханасы жеткізді.

«Дәрігерлердің түскі асы сағат 16.00 шамасына жоспарланған. Біз бүгін осы уақытқа қуырдақ пен тандыр нан жеткіздік. Олар үшін бұл күтпеген сый болды, таңданыстарын да жасырмады. Алғыстарын білдірді. Дәрігерлер үйлерінен әкелген тамақтарын ішеді екен. Кейбірінің ауқаттануға да уақыты тапшы. Жедел жәрдем қызметкерлеріне қазір ауыр салмақ түскен. Өйткені, тұрғындар дене қызуы 37 градустан көтерілген жағдайда бірден мамандарды шақыруға міндетті», - дейді Андрей Фролов.

Әзірше қайырымдылық акциясына алты кәсіпкер қатысуға тілек білдірген. Олар кезекпен дәрігерлерге түскі ас жеткізетін болады. Мәселен ертең «Центр плова» палауын әкелсе, келесі күні «Хуторок» дәмханасы медицина қызметкерлерін украинның ұлттық тағамынан дәм татырмақ.


Соңғы жаңалықтар