Петропавлдық ауласына 400 түп қарасора еккен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл полицейлері «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ауласында есірткі өсірген қала тұрғынын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Заречный кентінің 48 жастағы тұрғыны ауласында қарасора өсірген. Тәртіп сақшылары оның жылыжайынан арнайы ыдыста өсіп тұрған 400-ден астам түп есірткі өсімдігін тапты.

«Үй иесінің айтуынша, жылыжайды ол арнайы қарасора өсіру үшін тұрғызған. Құмыраға егіп, аптасына бір рет суарған. Сондай-ақ, үйінен табылған өсімдік тұқымдары да осы фактіні растайды», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Полицейлер жылыжайдан 80 түп, ауладан тағы 355 түп қарасора тапты. Сонымен қатар, тінту барысында түрлі калибрдегі қару және травматика патроны, аңшы қаруының магазині мен оптикалық көздеуіш табылды.

Қазір құрамында есiрткi заты бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз өсіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған ер адамның айтуынша, ол өсімдікті жеке мақсатта пайдалану үшін өсірген, ал қару-жарақты қараусыз қалған ғимараттан тауып алыпты. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында барлық ақпаратты тексереді.

Ауладан табылған қарасора толық жойылды. Кептірілмеген 5 келі 90 грам марихуана тәркіленді. Бұл аса ірі көлемге жатады. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Тұрғын оқ-дәріні заңсыз сақтауға қатысты жауапкершілікке тартылады.


Соңғы жаңалықтар