Петропавлдағы жағымсыз иіс мәселесі шешілетін болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғындарын бірнеше жылдан бері мазалап келген жағымсыз иіс мәселесі бір жыл ішінде шешілмек. Ол үшін ресейліктердің тәжірибесі қолданылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлды көктем-жаз болса жағымсыз иіс жайлап, тұрғындар терезе ашудан қалады. Ауаға тараған күкіртсутектің мөлшері кей күндері бірнеше есе артып, тұрғындардың мазасы кететін.

Күлімсі иіс Петропавлдың маңындағы биотоғаннан тарап жатыр. Енді бұл мәселе шешімін тапқан сыңайлы.

«Қызылжар су» ЖШС бас директоры Жеңіс Сұлтанов бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

«Биыл көктемде күкіртсутегінің иісі қалада өткір сезілді. Мәселені шешу үшін осы күнге дейін ғылыми және коммерциялық мекемелерден көптеген ұсынысты қарадық. Өңдеу мүмкіндігін қарастыру үшін биотоғанның тұнбасын Мәскеуге де жібердік. Елдегі әріптестеріміздің тәжірибесімен таныстық. Барлығын зерделей келе «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС келісімге отыратын болып шештік. Олар биотоғанға альголизация жүргізетін болады», - деп жазды Жеңіс Сұлтанов.

Су қоймасын альголизациялау деген оған балдырлардың бір немесе бірнеше түрін енгізу. Бұл тәсіл әлем бойынша қолданылып келеді. Әдетте тоғандарды тазартуға хлорелла қолданылады.

«Бұл жоба елімізде алғаш рет қолданылмақ. Біздің мамандар оны үшінші жыл зерттеп келеді. Сол үшін Ресейдің Пенза қаласына барып, жергілікті құс фабрикасының жұмысымен танысты. Нәтижелері жаман емес. Жақында келісімге отырамыз. Жобаны өз есебімізден қаржыландырамыз. Бұл жұмыс екі жылға шақталған. Алдағы көктемде Петропавлдағы жағымсыз иістен құтыламыз деп ойлаймын», - деді өз жазбасында Жеңіс Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар