Петропавлда түн тыныштығын бұзғандарға биыл 1600 хаттама толтырылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жыл басынан түн тыныштығын бұзып, жұрттың мазасын алғандарға 1600 рет әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда тәулікке жалға берілетін пәтерлерге қатысты тұрғындардан шағым көп. Мұндай баспаналарда көп жағдайда жалға алушылар спирттік ішімдіктер ішіп, шулайды екен.

Осындай пәтерлердің бірі Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан. Учаскелік полиция инспекторы шағымдарға байланысты пәтер бюросының әкімгерімен бірнеше рет сөйлескен. Осындай кезекті бір шақыртудан кейін бюроға құқықбұзушылықтарға әкелетін жағдайды түзетуге ұйғарым берілді. Осыдан кейін бұл баспана тек ұзақ уақытқа ғана жалға берілетін болды, нәтижесінде тұрғындар тарапынан шағымдар да сап тыйылды.

«Мәселені шешудің бұл қазір ең оңтайлы жолы. Айқай-шу шығарған жалға алушылар әкімшілік хаттама толтырғаннан кейін пәтерден шығарылады. Алайда екінші түні бұл жағдай қайталануы мүмкін. Баспананы жалға алып, арақ-шарап ішетіндер, қабырғаның әр жағында көршілердің барлығын, олардың демалғысы келетінін, шудан кішкентай балалардың ұйықтай алмайтынын естен шығарады. Петропавлда күнделікті осындай бірнеше шақырту түседі», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллин. Полицейлер жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы сағат 9.00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынғанын ескертеді. Әкімшілік құқық бұзушыларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл бар.

Жалпы Петропавлда жыл басынан түн тыныштығын бұзғандарға 1600 хаттама толтырылған.


Соңғы жаңалықтар