Петропавлда «сақалды» құрылыстың орнына ірі сауда орталығы ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың орталығында он жылдан артық қала көркін бұзып келген «сақалды» құрылыс аяқталып, толық форматты заманауи ірі сауда, ойын-сауық орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Dostyk MALL» деп аталатын сауда, ойын-сауық орталығы 30 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда бір күнде 15 мыңға жуық адам келе алады. Қазақстандық өнімнен басқа ресейлік, халықаралық компаниялар өз тауарын ұсынбақ. Бұдан басқа 5 залдан тұратын заманауи кинокешен ашылып, балалардың ойын-сауық орталығы, дәмханалар мен мейрамханалар жұмыс істемек.

Жергілікті кәсіпкер Мұхтар Игібаев жобаны мемлекеттің көмегімен жүзеге асырды. Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Ол өз әсерімен Instagram әлеуметтік желісінде бөлісті.

«Петропавл қаласы өмір сүруге ыңғайлы, заманауи қалаға айналып келеді. Біз ескірген, құлайын деп тұрған үйлерді сырып тастап, орнына жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандар салып жатырмыз. Ескі ғимараттың орнында атриумы бар жаңа, қаланың көркін ашар әдемі орталық бой көтерді.

Жаңа нысанның әлеуметтік маңызын да айта кетпесе болмас. 400 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылады. «Dostyq Mall»-да қала тұрғындары мен қонақтарына көптеген қызмет түрі ұсынылып, олар бұл жерде демалуға мүмкіндік алады», - деп жазды Құмар Ақсақалов өз парақшасында.

Жалпы Петропавл қаласының келбеті соңғы жылдары танымастай өзгерді. Теннис орталығы, А.Винокуров атындағы спорт сарайы, елімізде теңдесі жоқ Оқушылар сарайы пайдалануға беріліп, көпқабатты тұрғын үйлер мен мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр.

Жақында облыс орталығында сұйық және қатты сабын шығаратын тұрмыстық химия фабрикасы ашылмақ. Цифрлық ақпаратты сақтайтын заманауи Дата-орталықтың құрылысы жүріп жатыр. «CLAAS» неміс концернінің ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру мақсатында жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Бірер аптада түрік инвесторларының қатысуымен көпсалалы аурухананың құрылысы басталады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар