Петропавлда полицейлерге бағынбаған әйел мен оның баласына айыппұл салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантин талаптарының орындалуын қадағалайтын мониторингтік топ маска режимін бұзудың 275 дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс тобының тағы бір міндеті белгіленбеген жерде сауда жасауға жол бермеу.

«Конституция көшесінің бойында тәртіп сақшыларына бағынбаған екі тұлға ұсталды. Петропавл тұрғынына «Сауда жасау ережесін бұзу» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әйел 5 АЕК мөлшері – 13 890 теңге айыппұл төлейді. Оның ұлына «Билік өкілдерінің заңды талабына бағынбау» бабы бойынша әкімшілік материал жиналып, сотқа жіберілді. Сот оны айыпты деп танып, 20 АЕК мөлшерінде, яғни 55 560 теңге айыппұл салды», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Александр Розбах.

Оның айтуынша, маска режимінің сақталуына қатысты рейдтер негізінен халықты ескерту мақсатында ұйымдастырылады. Ал ескертуді елемегендерге әкімшілік шара қолданылады.

«Карантиндік шектеу шараларын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік - 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ол – 83 340 теңге. Біз материалды жинап, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жібереміз. Шешімді солар қабылдайды», - дейді Александр Розбах.

СҚО-да демалыс күндеріне карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Осыған орай полицейлер төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге халықтың демалыс орындарына – өзен-көлдердің басына, жағажайларға рейдтер ұйымдастырмақ.

Жалпы өңірде карантин талаптарының орындалуын қадағалайтын мониторингтік топ маска режимін бұзудың 275 дерегін анықтады.

Бұған дейін қоғамдық көліктерге маска тақпай рейд ұйымдастырған мемлекеттік қызметшінің өзіне айыппұл салынатындығын айтқан едік.



Соңғы жаңалықтар