Петропавлда өткен мерекелік акцияда 500 жалау таратылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің туым» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік іс-шараны ұйымдастырушылар – СҚО жастар ресурстық орталығы. Белсенді жастарды, студенттерді және волонтерлерді біріктірген «Менің туым» акциясы бір мезетте Петропавл қаласы мен өңірдің барлық аудан орталықтарында өтті.

«Менің туым» акциясы аясында біздің белсенділер көп қабатты үйлердің балкондарына туымызды ілді. Петропавл қаласындағы орталық көшелерде жүргіншілерге жалаушаларды үлестіреміз. Жастарымыз осылайша, өз отансүйгіштіктерін көрсетті, құрметтеуге шақырды», - дейді Петропавл қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Азат Мұхаметжанов.

Петропавлда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған іс-шара ҚР Конституциясы көшесіндегі орталық алаңнан бастау алды. Бұл – халық көп жүретін негізгі көшелердің бірі. Тұрғындар волонтерлер таратқан жалауды қуанышпен қабылдады.

«Жастар игі шара өткізіп жатыр. Күйбең тірлікпен осындай маңызды мерекені ұмытып кететін кездер болады. Қолыма Қазақстанның туын ұстатқанда көңілім бір көтеріліп қалды. Өйткені, көк ту - біздің егемен елдігіміздің нышаны. Қыз-жігіттердің бұл акцияға белсенді қатысып жатқанын көріп қуандым», - дейді Петропавл тұрғыны Зураш Тортаева.

Петропавлда мерекелік іс-шара аясында тұрғындарға 500 ту үлестірілді. «Менің туым» республикалық акциясы өңірдің барлық аудан орталықтарын да қамтыды.


Соңғы жаңалықтар