Петропавлда «Мағжан. Жаралы жолбарыс» телехикаясының түсірілімі басталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 4 бөлімнен тұратын «Мағжан. Жаралы жолбарыс» көркем фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда бүгін «Мағжан. Жаралы жолбарыс» тарихи телехикаясының түсірілімі басталды. Кинокомпания мамандары Қызылжар өңірінде шамамен бір ай жұмыс істемек.

«Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың сөзінше, Мағжандай ақыны бар елдің тілі жұтаң, мәдениеті төмен болуы мүмкін емес. Мағжан қазақ ақындарының ішіндегі шоқтығы биігі. Кей ақындар Мағжанды өлеңнің пайғамбарына теңеген. Абай ақылдың ақыны, Мағжан ақынның ақыны деп айтамыз. Сондықтан бұл істі бастарда үлкен дайындықтан өттік. Осы Қызылжар өңіріне арнайы келіп, Мағжанның туған жері, ауылы Сартомарда болдық. Осы өлкенің географиялық ерекшеліктеріне де мән бердік. Себебі сценарий жазу барысында сен кейіпкерлеріңнің қай жерде жүретінін білу керексің. Одан кейін Мағжантанушы белгілі ғалымдар Ербол Тілешов, Дихан Қамзабекұлы ағаларымыздан, кейінгі жас толқын бар, сол кісілермен сөйлесіп, Мағжанды жазған зиялылардың кітаптарын оқыдық», - дейді жоба авторы, сценарийін жазған Қанат Рамазан.

Сценарийді жазуға екі ай уақыт кеткен.

«Мағжанның өмірінің қай кезеңі қамтылмақ? Мағжанның жастық шағы, 1915-21 жылдардың аралығы, 20-27 жас арасындағы бозбалалықтан ақындыққа трансформация жасағанын, ақындықтан қайраткерлікке бет бұрған Мағжанның болмыс-бітімін көрсетеміз деп хронологиялық мерзімге тоқтадық. Яғни албырт, бозбала, мінезді, салмақты, 20 жасының өзінде қазақ ұлтына салмақты істер жасап жүрген, осы жастың өзінде артына мол мұра қалдыра білген Мағжанды қазіргі жастарға көрсету. Себебі қазіргі аудиториямыз – жастар. Мақсатымыз жастарға ой салу. 20 жасында не істеді Алаштың арыстары, қазіргі балалар күнделікті оқуына, сабағына барып келгеніне риза болып жүрген заман ғой былайша айтқанда. Олар 20-21 жасында тұтас ұлттың мүддесін, болашағын иыққа артып алғандай күйде жүрді. Осыны әдемі көрсетсек дейміз.

Бұдан басқа Мағжанның лирикасы, ақынның музасы Гүлсімге көбірек назар аудардық. Әркім әртүрлі айтар кейін, бірақ осы ұтымды шығады деп олап отырмыз», - дейді Қанат Рамазан.

Көркем фильм 4 бөлімнен құралады. Әрқайсысы 50 минуттан тұрмақ. Басты рөлді актер Мейірхат Амангелдин сомдайды.

«Жалпы фильмді түсіруге дайындалғанымызға жарты жыл болды. Осы тақырыпты жан-жақты зерттеп, Мағжантанушылармен келісіліп жазылған сценарий бойынша түсірілімді бастадық. Мұнда Міржақып, Сәкен Сейфуллин сияқты ірі тұлғалар бой көрсетеді. Гүлсім деген ғашығы арқылы лирикалық махаббат желісі де өрбиді.

Мағжанның туған ауылы Сартомарға барамыз, Сасықкөл маңында біраз түсірілімдер болады. 20-25 күн түсірілім жасауды жоспарладық. Кей эпизодтар Петропавлда, қала маңында түсіріледі», - дейді фильм режиссері Дархан Саркенов.


Соңғы жаңалықтар