Петропавлда көпқабатты үйлердің 11 кіреберісі карантинге жабылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көпқабатты үйлердің 11 подъезді карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин бұл подъездерге азық-түлікті жеткізумен екі супермаркет айналысатынын айтты.

«Супермаркеттердің қазіргі уақытта тапсырысы көп, үлгермей жатыр. Сол себепті әр кіреберіске волонтерлерді бекіттік. Олар тапсырысты қабылдап, супермаркеттермен жұмыс істейді. Тұрғындардың қажетін жеткізіп береді», - деді Асқар Хабибулин.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, карантиндегі подъездердің әрқайсысының жанына қоқыс контейнерлері орнатылды. Санитарлық қызметтер үйлердің кіреберісін толық дезинфекциялады. Қазір әр подъездің жанында тәртіп сақшылары кезекшілік атқаруда.

Бұған дейін коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында Петропавл қаласының алты аумаққа бөлінгенін хабарлаған едік.

6 сәуір сағат 21.30 жағдай бойынша өңірде қауіпті індетті жұқтырудың 25 дерегі тіркелген. Бүгін облыста инфекция жұқтырған бір адам жазылып шықты.


Соңғы жаңалықтар