Петропавлда көпқабатты үйлер жылыту маусымына қаншалықты дайын

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. Әзірге мыңнан астам үйдің тек 165-і ғана әзірлік құжатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, Петропавлда орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған 1106 көпқабатты тұрғын үй бар.

Пәтер иелері кооперативтері мен үйге жауапты тұлғалар жаз уақытында баспаналарды қысқа әзірлеуге міндетті.

Тиісті жұмыс жүргізбеген соң қыста тұрғындар зардап шегеді.

«2020-2021 жылғы жылыту маусымында 167 шағым түсті. Негізінен қысқа тиісті деңгейде әзірленбеген, яғни жылыту жүйесін қысқа жуып-тазаламаған және еш рұқсатсыз жылыту жүйесіне өзгеріс енгізген үй тұрғындары арызданған. Олардың пәтерлері салқын болған. Біз қазір жылу беруші кәсіпорынмен бірге бір-екі жыл бойы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізбеген үйлердің тізімін алдық. Әрқайсысына барып, үйге жауапты тұлғалармен, пәтер иелерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - дейді бөлім басшысы Аслан Ілиясов.

Маманның айтуынша, 1 шілдеден бастап 500-ге тарта пәтер иелері кооперативіне күзгі-қысқы кезеңге алдын ала дайындалу туралы хабарлама таратылған.

Қазіргі уақытта 165 көп қабатты үй алдағы жылыту маусымына дайын деген құжатқа ие.

«Жаз тез-ақ өте шығады. Сол себепті атқарылар жұмысты күзге қалдырмай осы бастан әзірлікті бастауға шақырамыз. Петропавлда үйді қысқа әзірлейтін, жылыту жүйесін жуып-тазалайтын 10 компания бар. Олар туралы мәліметті қалалық әкімдіктің ресми сайтынан табуға болады», - дейді Аслан Ілиясов.


Соңғы жаңалықтар