Петропавлда кәсіпкер 3 мың литрден астам алкоголь өнімін заңсыз сатпақ болған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің қоймасынан 3 мың литрден астам контрафактілік алкоголь өнімдері және 653 блок темекі табылып, тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, петропавлдық полицейлер СҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірге контрафакт өнімді тәркіледі. Тексеріс барысында қаладағы ЖШС-тің бірінің қосалқы бөлмесінен градусы жоғары спирттік ішімдік құйылған бес литрлік 226 пластикалық бөтелке табылды. Сондай-ақ 1,5 мың бір жарым литрлік бөтелкелердегі сыра, 653 блок темекі алынды.

«Лицензияланбаған өнімдер тұтынушылардың денсаулықтарына және өмірлеріне қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай өнімдердің сапасына ешкім жауап бермейді. Оны сақтау және тасымалдау жағдайлары бақыланбайды, бұл өнімнің сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Кәсіпкерлерден жұмыстарын заңнамалық нормалар шеңберінде жүргізуді сұраймыз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

СҚО полицейлері жыл басынан заңсыз айналымнан барлығы 1,5 мың литрден астам алкогольдік өнім алды.


Соңғы жаңалықтар