Петропавлда карантин шараларын бұзудың 400-ге жуық жағдайы тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер үш күнде шектеу шараларын бұзған ойын-сауық мекемелерінің 4 әкімшісін жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мониторинг топтар көңіл көтеру орындарын тексеріп жатыр. Басты мақсат – профилактика мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Олар көңіл көтеру мекемелерін аралау барысында қызметкерлерде маска мен қолғаптардың болуын қадағалап, назарда ұстайды, сонымен қатар мекемелердің жұмыс режимін тексереді. Соңғы үш күн ішінде Петропавлда сағат 22.00-ден кейін жұмыс істеген үш ойын-сауық орны анықталды. Бұл нысандар осылайша облыстың мемлекеттік бас санитариялық дәрігерінің қаулысын орындамаған.

Петропавлда 1 желтоқсан күні бір мекеменің мас күйдегі қонағы полиция қызметкерлерін шақыртқан. Барған тәртіп сақшылары ойын-сауық орнында көңіл көтеріп жүрген 10-ға тарта адамды анықтады. Бар түнгі уақытта жұмысын тоқтатпаған. Бұл фактіге қатысты «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша материал жинақталды.

«Үш күнде полицейлер ойын-сауық мекемелерінің 4 әкімшісін жауапқа тартты. Полиция қызметкерлері көңіл көтеру орындарының иелері және қонақтарымен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, жиі тексереді. Жыл басынан бері Петропавлда ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша мониторинг топтары шектеу шараларын бұзудың 391 дерегін анықтады», – дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар