Петропавлда ер адам көшеде атыс қаруымен жүрген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер бейнебақылау камералары арқылы карабинмен көше ортасында жүрген ер адамды байқап, ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарға мониторинг жүргізу барысында Набережная көшесінің бойында атыс қаруына ұқсас затпен жүрген ер адамды байқаған. Ақпарат жедел түрде барлық нарядтарға жолданып, оқиға орнына автопатруль мен учаскелік полиция инспекторлары жіберілді. Ер адам ұсталды. Шынында жігіттің қолында киімге жартылай оралған карабин болған. Сондай-ақ оның мас екендігі анықталды.

Айтуынша, ол қаруды бір ай бұрын саяжай қоғамдастығының бірінде саяжайдағы үйді демонтаждау кезінде тауып алған. Қару еденнің астында матаға оралған күйде жатқан. Ер адам оны үйіне әкеліп, тот басқан жерлерін тазартқан.


Сондай-ақ оның сөзінше, сол күні қаруды полицияға тапсыру үшін әкеле жатқан. Алайда жақын маңдағы полиция бөліміне жете алмады, қала тұрғындары мен бейнебақылау камераларының арқасында полицейлер оған өздері шұғыл жеткен. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚтК 440-бабы «Алкогольдік ішімдікті iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі таңда қаруды қайдан алғаны анықталып жатыр.

Аталған факті ҚР ҚК «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Алынған қару сараптамаға жіберілді.

Тәркіленген қару КО-44 карабині. Оның бекіткіш тетігі жоқ және сериялық нөмірі қайта соғылған. Аталған факті бойынша түпкілікті процессуалдық шешім сараптама нәтижелерінен кейін қабылданады.


Соңғы жаңалықтар