Петропавлда биыл 122 сотталған өтемақы қорына 6 млн теңгеге жуық мәжбүрлі төлем жасауы тиіс

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда сот үкіміне сәйкес жәбірленушілердің өтемақы қорына жалпы сомасы 6 млн теңгеге жуық мәжбүрлі төлемі бар 122 сотталған есепке алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылғы 10 қаңтарда ҚР Президентінің қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңды қабылдады. Бұл жәбірленушілерге өтемақы төлеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Өтемақы біржолғы қаржылық төлем түрінде беріледі.

«Жәбірленушілерге өтемақы қорынан қаражат сексуалдық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша кәмелеттік жасқа толмаған жәбірленушілерге, адам саудасына және азаптауларға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдарға беріледі. Сондай-ақ денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамдарға, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленуші құқықтары берілген адамдарға өтемақы тағайындалады. Заңды орындау үшін пробация қызметі бөлімі облыстың жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірге жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемдерді өндіріп алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Данияр Харипов.

СҚО бойынша ҚАЖД Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімінде биыл осындай мәжбүрлі төлемі бар 122 адам есепке алынды. Олардың сот үкіміне сәйкес жалпы берешегі - 5 815 855 теңге. Сотталғандардың 87-сі 4 млн-нан астам теңгені өтеді. Қалған 35 сотталғанның қорға берешек сомасы - 1 688 400 теңге.

Данияр Хариповтың айтуынша, мәжбүрлі төлемді өтемейтін сотталғандармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Олар жұмысқа орналасуы үшін жұмыспен қамту орталығына жіберіледі, ал егер сотталған сот үкімі бойынша тағайындалған мәжбүрлі төлемді мүлде өтемейтін болса, ҚР ҚК-нің 430-бабына сәйкес жауапқа тартылады.


Соңғы жаңалықтар