Петропавлда биыл 1,5 мыңға жуық отбасында зорлық-зомбылық тіркелген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1,5 мыңға жуық деректі тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда күйеуі қол көтерген 28 жастағы келіншек көмек сұрап «102» арнасына қоңырау шалған. Мән-жайды тексерген кезде оның бұған дейін де бірнеше рет зорлық-зомбылық көргені белгілі болды. Тәртіп сақшылары әйелді нәрестесімен бірге Дағдарыс орталығына орналастырды. Алайда, онда екі күн болған әйел күйеуіне қайта оралды. Полицейлердің айтуынша, мұндай жағдайлар аз емес, жәбір көрген әйелдер материал жинау немесе сот процесі барысында күйеуімен қайта татуласады екен.

«Жазаға тартпау салдарынан ерте ме кеш пе қатігездің қайта қол көтеретінін естен шығармаған жөн. Қаңтар айынан бастап Петропавлда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 21 қылмыс жасалды. Негізінен түрлі дәрежедегі дене жарақаттары. Әр осындай факті бұрын ұрыс-керістен, қорлаудан, тіл тигізуден басталған. Қылмысты болдырмау үшін Петропавл қалалық полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобына: 39-48-56 телефонына хабарлауға шақырамыз. Сонымен қатар, WhatsApp мессенджерінде +7 (708) 432-45-61 бойынша чат жұмыс істейді, айта кететін болсақ, оған қаңтар айынан бастап 12 өтініш келіп түскен», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.

Жыл басынан Петропавл полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша 1475 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. 864 құқық бұзушыға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін жасағаны үшін сотпен 128 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап белгіленді. Сонымен қатар, 9 айда Аналар үйіне 4 әйел мен 4 кәмелетке толмаған бала орналастырылды. Тағы 5 әйел 4 баласымен бірге күйеуінің әлімжеттігінен сақтану үшін Дағдарыс орталығын паналады.


Соңғы жаңалықтар