Петропавлда бір топ жас ойыншық автомат ұстап, көшеге шыққан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ойыншық автомат ұстап жүрген жастар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін кешкі сағат 22.00 шамасында Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы мен Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы автотұрақта болған. Бұл жер – полицейлердің ұдайы назарында. Жастар жиі жиналатындықтан, тұрғындардан үнемі шағым түседі. Бұл жолы Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнекамера арқылы автомат ұстаған бозбаланы өзімен замандас бір топ жастың арасынан байқап қалады.

Ол жерге бірден Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жетті. Автоматтың ойыншық екеніне көз жеткізген тәртіп сақшылары жастармен профилактикалық әңгіме жүргізді. Яғни жасөспірімдерге сағат 23.00-ден кейін ата-анасыз жүруге болмайтынын, карантин талаптарын сақтау қажеттігін және топтасуға тыйым салынғанын ескертті.

«Жедел басқару орталығы бейнекамераларының құқықтық тәртіпті сақтауда атқарар рөлі зор. Олар қоғамдық және жол қозғалысындағы қауіпті учаскелерді бақылауға алған. Жұмыс барысында түрлі, кейде тіпті күлкілі жағдайлар болып жатады. Бірақ біз қауіп тудыруы мүмкін оның әрқайсын тексеруге міндеттіміз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы Нұрлан Мұхаметжанов.


Соңғы жаңалықтар