Петропавлда балабақшалар жабылып, қоғамдық көлік кестесі өзгертіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 1 сәуірден бастап енгізілетін шектеуге байланысты қалада бірқатар қатаң шара қолға алынады. Бұл жайында өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солардың бірі – балабақша жұмысына шектеу қою. Жасы 65-тен асқан адамдарға үйлерінде отыру ұсынылған. Ал қоғамдық орындарда, көшеде топпен жүруге тыйым салынбақ. Үшеуден артық топтасуға болмайды, ал балалардың тек ата-аналарымен бірге ғана жүруі қатаң бақыланады.

«Мемлекеттік мекемелер, ауруханалар, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер әдеттегідей жұмыс істейді. Қалған мекемелер мен кәсіпорындар мүмкіндік болса өз қызметкерлері мен жұмысшыларын қашықтан жұмыс істеуге көшіруі қажет. Петропавлда адамдардың себепсіз жүруіне шектеу қойылады. Дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Күнде қала көшелерін, аялдамаларды өңдейміз. Үлкен сауда орталықтарының да жұмысын тоқтатамыз», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істегенімен, тағамдарды тұрғындарға тек жеткізіп беретін болады.

«Банктер филиалдары мен пошта бөлімшелері жұмысын халық шоғырланбайтындай етіп жоспарлауы қажет. Кезекте 5 адамнан артық болмауы тиіс. Ал олардың ара қашықтығы 2 метрден кем болмауы керек», - деді өңір басшысы.

Ал қоғамдық көліктер таңғы сағат 7.00 мен 20.00 аралығында ғана жұмыс істейтін болады.


Соңғы жаңалықтар