Петропавлда балабақша дауына байланысты 6 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың мектепке дейінгі білім берудің 3 мекемесін кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беруде заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалаушы орган Петропавлдағы екі балабақша мен бір бөбекжай-бақшасын сенімгерлік басқаруға беруде заңның сақталуына талдау жүргізді. Нәтижесінде бірнеше олқылықтың беті ашылды.

«Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері берілмес бұрын ведомствоаралық комиссия құрылмаған. Ал келісімшарттарда өндірістік жанжалдардың туу қатері ескерілмеген. Байқаудың нәтижесі туралы мәлімет мерзімдік БАҚ-тарда жарияланбаған. Сондай-ақ кәсіптік талаптар бойынша жалған мәлімет берілген», - делінген облыстық прокуратураның ресми хабарламасында.

Тексеріс қорытындысы бойынша келісімшарт бұзылды.

«Лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Білім басқармасының және экономика басқармасының орынбасарлары, білім басқармасының құқықтық жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы және қалалық білім бөлімінің басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді осы мәселеге қатысты арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Қоғамдық мүддені қорғау жөніндегі басқарманың прокуроры Нұржігіт Сапаров.

Еске сала кетсек, бұған дейін Петропавлдағы «Ивушка» бөбекжай-бақшасы мен «Ақ бота», «Балдәурен» балабақшаларын пилоттық жоба аясында сенімгерлік басқаруға беру көпшліктің наразылығын тудырған болатын.



Соңғы жаңалықтар