Петропавлда арнаулы жиынға шақырылған әскери міндеттілер жұмысын аяқтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда арнаулы жиынға шақырылған азаматтар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, бүгін жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, арнаулы жиынға шақырылған 39 әскери міндетті азамат Петропавлда дезинфекциялық жұмыспен айналысты. Шақырылғандар 3 мыңнан астам нысанды зарарсыздандырды. Әскери қызметші мәртебесіне ие болғандықтан оларға барлық әлеуметтік жеңілдік жасалды. Киім-кешек, медициналық қызметпен қамтылып, үш мезгіл тамақтандырылды.

Өздеріне артылған міндетті абыроймен атқарған әскери міндеттілерге облыс әкімінің алғыс хатын оның орынбасары Антон Федяев тапсырып, еңбекақыға қоса сыйақы да берілетінін жеткізді.

Жиынға Қорғаныс істері жөніндегі департамент, Ұлттық Ұлан әскери институтының және әскери техникалық мектептің өкілдері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

«Алда Жеңістің 75 жылдығы және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні келе жатыр. Егеменді еліміздің айбыны әрқашанда аса берсін, елімізге тыныштық, халқымызға амандық тілеймін. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасаған еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Өз еріктеріңізбен арнаулы жиынға келіп, еңбек еттіңіздер, еліміздің нағыз патриоты сендерсіңдер», - деді арнайы жиында Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Талғат Әліқұлов.

Әскери қызметшілер жарты айдан астам уақыт Петропавл көшелерін, қоғамдық орындарды залалсыздандырды.


Соңғы жаңалықтар