Петропавлда 8 адамды өрттен құтқарған әскери қызметші ІІМ медалімен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Петропавлда 8 адамды түтіндеген үйден құтқарған Ұлттық ұлан сарбазы Ішкі істер министрлігінің медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Адам өмірін құтқарудағы экстрималды жағдайда көрсеткен ержүректігі мен батылдығы үшін ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен аға лейтенант Доскен Есжанов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Марапатты офицерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев табыстады және әскери оқу орнының курсанттары осындай ерлік үлгісінде тәрбиелену керектігін айтты», - деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 24 мамыр күні сағат 13.00-де Ұлттық ұлан Әскери институтының әскери қызметшісі аға лейтенант Доскен Есжанов Жамбыл көшесіндегі өз үйінің көрші кіреберісінен қою түтінді байқайды. Жағдайды бағамдаған офицер оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырады.

«Өрт тұрғын үйдің жетінші қабатына тарап, кіреберістің терезесінен шыққан. Өрт сөндірушілер келгенше офицер терезені сындырып, тұрғындарды сыртқа шығарған. Ұландық әскери қызметші өрт сөндірушілермен бірге сегіз адамды, оның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарған», - дейді ҚР Ұлттық ұланы.


Соңғы жаңалықтар