Петропавлда 11 жасар бала саусағынан айырыла жаздады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 11 жасар бала саусағына ойыншық пышақтың шығырын кигізіп, салдарынан құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 маусым күні сағат 21.54 минутте жедел әрекет ету орталығына көмек сұраған ата-ана хабарласқан.

Олардың айтуынша, 2009 жылы туған балалары ойнап отырып, оң қолының ортаңғы саусағына ойыншық пышақтың шығырын кигізген. Бірақ кейін темір дөңгелекті өз бетімен шеше алмаған. Көмектеспек болған ересектердің де әрекетінен бірнеше сағат бойы түк шықпаған. Баланың саусағы ісе бастағасын ата-ана құтқару қызметінің «112» телефон нөміріне хабарласып, мамандарға жүгінді.

Петропавлдағы Жұмысшы кентінің Пугачев көшесіндегі жеке үйде құтқарушыларды әбіржіген ата-ана қарсы алды.

«Саусақты темір шығырдан босату операциясы бірнеше минутты ғана алғанымен, оны оңай жұмыс деп айтуға келмейді. Саусақ ісіп кеткен екен. Жаралап алмау үшін дөңгелек пен саусақтың арасына металл тілімше кіргіздік. Тек содан кейін ғана бұранкескішпен абайлап шығырды кесіп алдық», - дейді құтқару бөлімшесінің жетекшісі Виктор Держанский.


Соңғы жаңалықтар