Петропавл тұрғыны спортшыларға арнап аллея ашты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны, спорт ардагері Бауыржан Құлжанов үйінің жанынан спортшыларға арналған аллея ашса, енді музей салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы Борки кентінде орналасқан аллея қала тұрғыны Бауыржан Құлжановтың үйінің маңындағы бос жатқан жерде пайда болды.

Бір кездері арам шөп басқан аумақ 2-3 жылдың ішінде ретке келтірілді. Қаз-қатар тізілген ескерткіштер – негізінен Қазақстанның спортшыларына, ел спортын дамытуға үлес қосқан жандарға арналған.

Сондай-ақ, Бауыржан Ниязұлы өзі сыйлайтын азаматтарға да аллеядан орын беріпті.

«Ұсыныстар түсті, дәмхана, мейрамхана аш деген осы жерде. Бірақ ойлана келе спортшылардың құрметіне аллея-музей салуды ұйғардым. Өйткені, мына дәл қасымызда спорт кешені бар. Мынау ескерткіш Душан Лихардус – Словакия ұлтының ұлы, менің құдам, спортты жақсы көрген, өз елінде қолынан келгенше спортшыларға қолдау білдірді. Владимир Мезев – менің жан жолдасым, ол велоспорттан спорт шебері, Боранбай Балсейітов – досым, Петропавлда кезінде бокс залын ашқан, ол әлі күнге істеп тұр. Юрий Усольцев – «Былғары доп», «Алтын шайба» турнирлеріне, «Ақ бидай» спорт мерекесіне үнемі демеушілік жасайтын. Ал мынау Виктор Жиляев деген азамат, ол екеуіміз сексенінші жылдары алғаш рет «Ақ бидай» спорт ойынының негізін қалап, олимпиада алдында өткіздік. Содан бері 40 жылдан астам уақыт спорт мерекесі өңірде тоқтаусыз өтіп келеді», - дейді Бауыржан Құлжанов.

Спорт аллеясында Шәміл Серіковке, Мәскеуде 1980 жылы өткен олимпиадада классикалық күрестен алтын алған балуанға да мүсін қойылған.

«Шәміл Серіков жайында көп айтыла бермейді, оған елімізде ескерткіш те қойылмаған. Ол күрестің данышпаны еді. 1982 жылы чемпион біздің облысқа келді, қарсы алдық. Шәміл өңірге келген алғашқы олимпиада чемпионы, өкінішке қарай өмірден ерте, 33 жасында кетті», - дейді спорт ардагері.

Аллеяда күш атасы Қажымұқанның ескерткіші, Иван Поддубныйдың мүсіні, оның қасында бокс мектебінен табылған көне штанга орын тепкен. Мұндай штангамен цирктерде өнер көрсеткен екен.

«Қажымұқан Петропавлға келген, циркте өнер көрсеткен. Осы Борки кентінде ол келген кезде тұрған үй әлі күнге дейін сақталған. Қажымұқанның мүсінін маған бұрын мен басқарған «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығына орай СҚО полиция департаментінің бұрынғы бастығы Берік Біләлов сыйлады. Жалпы бұл жердегі мүсіндердің басым бөлігі біздің өңірде жазасын өтеген сотталушылардың қолынан шыққан. Ал соңғыларын жергілікті мүсінші Светлана Брюсова тапсырыспен жасады», - дейді Бауыржан Құлжанов.

Спорт аллеясында пайда болған соңғы мүсіндердің бірі – олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтікі. Түкпірде Бауыржан Момышұлына арналған мүсін тұр. Спорт ардагері Кеңес Одағының Батырын пір тұтады. Ал оның қасында Чапаевқа арналған мүсінді көруге болады. Оның да бұл аллеядан орын тебуінің өз оқиғасы бар.

«Менің спортқа келуіме, күресті меңгеруіме осы Чапаев бірден-бір себеп. Бала кезімізде кешке жұмыс біткесін бәріміз клубқа жиналамыз. Көретініміз күнде бір кино – Чапаев туралы. Балалар сол Чапаев сияқты қаһарман, күшті болғымыз келеді. Қол босағанда ересектер бізді ортаға шығарып күрестіреді, жеңгеніміз, әрине, Чапаев боламыз, жеңімпаз сол кездегі ауылдағы жалғыз машинаға мінуге рұқсат алады. Сондықтан барымызды саламыз», - дейді Бауыржан Ниязұлы балалық шақты еске алып.

Спорт аллеясы шырша-қарағаймен көмкерілген. Алайда мұнда әлі де атқарар жұмыс баршылық. Спорт ардагері кіреберіске олимпиада нышаны – бес сақинаны орнатпақ.

Ал ортасында бос жатқан аумаққа спорт музейіне арналған ғимаратты салмақшы. Оған қажетті жәдігер Бауыржан Құлжановта жетерлік.

Үйінің бірнеше бөлмесін арнауға тура келіпті.

«Коллекцияны бастапқыда өзім жинадым, кейін менің осындай әуестігім бар екенін біліп, достарым сыйлайтын болды. Мынау менің өзім жеңіп алған жүлделер. Бұл жерде түрлі мүсіншелер, фотосуреттер, журналдар, спорт тарихынан сыр шертетін жәдігерлер бар. Мен делегация құрамында жеті олимпиадаға барған адаммын. Ол жерден әкелген кәдесыйлар бар. Мұның бәрін жұрт көрсе екен деймін. Сол себепті спортшыларға арналған аллеяға музей салуды жоспарладым. Екі жылдан кейін 70 жасқа толамын. Осы мерейтойға жасаған сыйым болады, соған дейін Алла күш-қуат берсе - бітіремін», - дейді Бауыржан Құлжанов.

Бауыржан Ниязұлы Петропавл қаласының Құрметті азаматы, кеден қызметінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының спорт қайраткері. ҚР қазақ күресінен бірнеше дүркін чемпионы, «Қажымұқан» сыйлығының СҚО-дағы жалғыз иегері.


Соңғы жаңалықтар