Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтарға алданып, 1 млн теңгесінен айырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтардың сөзіне сеніп, 1 млн теңгесін олардың есепшотына аударған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, петропавлдық әйелге телефон арқылы біреу хабарласып, оның депозиттік есепшотынан біреудің ақша ұрлайын деп жатқанын айтқан. Банк қызметкерімін деп таныстырған адамға сенген әйел оның айтқанын бұлжытпай істеген. Бейтаныс ер адам басқа есепшот ашып, ақшаны 250 мың теңгеден аударуды сұраған. Осылайша алаяқтар әйелдің 1 млн теңгесін олжалаған.

Тергеушілердің айтуынша, бұл – интернет-алаяқтықтың кең тараған түрі. Кең көлемде түсіндірме жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан тұрғындар алаяқтарға алданады.

«Алаяқтар өздерін аса сенімді ұстайды. Арнайы терминдерді қолданып, сонымен абоненттердің сеніміне кіреді. Интернет-алаяқтардан қорғанудың ең сенімді жолы есепшоттағы ақшаға қатысты барлық іс-әрекетті тек банктерде атқару қажет. Көп жағдайда алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп таныстырады. Олар есепшоттаға ақшаны біреулердің ұрламақшы болғанын айтады. Мұндайда абыржудың қажеті жоқ. Банкке қоңырау шалып, ақшаның орнында жатқанына көз жеткізуге болады», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.

Жыл басынан қаланың 16 тұрғыны интернет-алаяқтардан зардап шекті. Олардың алтауы «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы тауар сатып алмақ болыпты.


Соңғы жаңалықтар