Петропавл кәсіпкерлері мақтааралдықтарға тұрмысқа қажетті заттарды жеткізіп берді

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың кәсіпкерлері мақтааралдықтарға тұрмысқа қажетті заттарды жеткізіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы аптада Солтүстік Қазақстан облысының «BAYDALA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тасқыннан зардап шеккендерге 100 электр шәйнегі мен 100 үтікті тарту етті.

Қайырымдылық жүк көлігін бастап келген азамат А. Сатекбаев «BAYDALA» ЖШС директоры Д.Шалабаевтың аманатын ала келіп, төтенше жағдайдан зардап шеккен жандарға қол ұшын созу - өздері үшін үлкен міндет екенін атап өтті.

«Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов ағамызға хабарласып, тұрғындарға аса қажетті заттарды білдік. Ол кісі азық-түлік пен гигиеналық заттар қоры жеткілікті екенін айтып, өз ұсынысын берді. Міне, 1 миллион теңгеден аса қаржыға 100 электр шәйнегі мен 100 үтікті сатып алып, қоймаға табыстап отырмыз», - дейді қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыруға жауапты Азамат Сатекбаев.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданына жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектің легі әлі тоқтаған жоқ.

Аудан орталығындағы қоймаға осы уақытқа дейін 742 тоннадан астам азық-түлік пен тауар жиналып, оның 363 тоннадан астамы таратылған.


Соңғы жаңалықтар