Педофилияға жазаны күшейту, митингке рұқсат беру, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі - Жолдауда тағы не айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жасады. Жолдауда экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандырудың бірқатар мәселелері қозғалды.

ҚазАқпарат агенттігі Президент Жолдауында айтылған маңызды тапсырмаларға шолу ұсынады.

Мықты Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет

Ең алдымен, Мемлекет басшысы қазақ тілінің рөлі күшейіп келе жатқандығын ерекше атап өтті.

«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент азаматтық қоғамды қолдауды, оны мемлекеттің өзекті тапсырмаларын талқылауға тартуды ұсынды және елдегі саяси реформалардың ойлы түрде жүргізілетінін жеткізді.

«Ортақ тапсырламаларды орындауда өзімнің көзқарастарымды айта кетсем деймін. Заманауи тиімді мемлекет! Мен уәде еткен саяси трансформация кезең-кезеңімен іске асырылып, мемлекет пен халықтың барлық мүдделері ескеріледі. Әлемдік тәжірибенің өзі көрсетіп отырғандай, жүйесіз саяси либерализация ішкі саяси жағдайда дестабилизацияға, тіпті мемлекетті жоғалтып алуға дейін апарып тынады. Сол себепті біз саяси реформаларды алға қарай жүгірмей, нық әрі ойлы түрде жүргіземіз. Біздің іргелі қағидат – елдің қоғамдық-саяси жаңғыруынсыз табысты саяси реформа жүргізу мүмкін емес», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет – осы мақсатқа ұмтылуымыз керек.

«Бұл саяси жүйенің формуласы - мемлекет тұрақтылығының негізі. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық конструктивті сауалдарын жерде қалдырмайтын тыңдаушы мемлекет концепциясын іске асыру. Тек тұрақты диалогтың арқасында үйлесімді мемлекет құруға болады», - деді Президент.

Митингке арнайы орын бөлінеді

Президент митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті.

«Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер ондай акциялар заң мен азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, қолдау білдіріп, заңда көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілу керек. Ол үшін арнайы орын бөлу қажет», - деді Мемлкет басшысы.

Ол елдегі мәселелердің көшеде емес, Парламентте шешілуі керектігін баса айтты.

«Біріншіден, партиялық құрылым процесін жалғастыру керек. «Nur Otan» партиясы біздің көшбасшымыз және оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында күрделі әрі жауапты миссияны орындап келеді. Біз қоғам үшін пайдалы істерді тындырып жүрген басқа да саяси партиялар және қозғалыстармен серіктесуіміз керек. Біздің қоғамды мазалаған негізгі мәселелер көшеде емес, азаматтық диалог аясында Парламентте шешілуі тиіс. Депутаттар өзінің заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдап, одан нақты шараларды қабылдауды талап етуі керек», - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Мемлекеттік қызметшілер саны қысқарады

2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту басталады. Ал 2024 жылы мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің саны 25 пайызға қысқарады.

«Мемлекеттік қызметшілердің сапасын арттыру үшін олардың қатарына жас даярланған мамандарды тарту қажет. 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартуға көшеміз. Одан босаған қаржыны пайдалы қызметкерлерді материалдық тұрғыда ынталандыруға бағыттаймыз. 2024 жылы мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың жұмысшылар санын 25 пайызға, яғни төрттен біріне қысқарту керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік компаниялардың санын да қысқарту керектігін айтты.

«Мемлекеттік компаниялар конгламераттарға айналып шыға келді. Мұны түсіну керек. Халықаралық бәсекеге қабілетке бұл айтарлықтай күмән туғызып отыр. Мемлекеттің экономикаға араласуын қысқарту үшін мен квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий жарияладым. Біз соңғы 14 жылда ұлттық әл-ауқат қорының халықтың жағдайын көтеруде қаншалықты пайдасы болғанын ұғынуымыз керек. Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айдың ішінде талдау жүргізіп, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін зерттеуі керек», - деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Жер сатылмайды

Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев жеріміздің сатылмайтынын тағы да еске салды.

«Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Жерді тиімді игеру мәселесі барған сайын өзектіленіп барады. Жағдай жерге салынатын тікелей салықтың төмендігімен ушығып отыр. Мемлекеттен ақысыз жер жалдау құқығын алғандар иелігіндегі жермен жұмыс істемей отыр. Елімізде латифундистер қатары пайда болды», - деді ҚР Президенті.

Педофилия мен зорлық-зомбылыққа жаза күшейтіледі

Жолдауда Мемлекет басшысы бірқатар ауыр қылмыс түріне жазаны қатаңдатуды тапсырды.

«Біз сот әділдігінің шамадан тыс қуғын-сүргін және қатаң шараларынан бас тарттық. Дегенмен, елде әлі де болса көптеген ауыр қылмыстар орын алып жатады», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті заңды ізгілендірумен айналысамыз деп жүріп, адам құқығының негізін қалайтын кейбір мәселелерді назардан тыс қалдырып алғанымызды айтты.

«Жедел түрде жыныстық зорлық-зомбылыққа, педофилияға, есірткі таратуға, адам саудалауға, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, тұлғаға әсіресе балаларға қарсы жасалатын өзге де ауыр қылмыстарға жазаны қатаңдату қажет. Бұл – менің Парламент пен Үкіметке тапсырмам»,- деді Тоқаев.

Браконьерлерге қарсы заң күшейтіледі

Президент Үкіметке 2 айда браконьерлерге қарсы заңды күшейтуді тапсырды.

«Таяудағы қайғылы оқиға ұйымдасқан қылмыстың қауіпті түрі ретіндегі браконьерлік проблемасын ашып берді. Браконьерлер жақсы жабдықталған, қаруланған, жазаланбайтындықтарын сезінеді. Тек осы жылдың өзінде ғана олардың қолынан жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі екі инспектор мерт болды», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті таяуда ғана Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілгендігін айтты.

«Бұл бірлі-жарым оқиға болғанымен браконьерліктің тамыры тереңге кеткен, оның ішінде құқық қорғау органдарының енжарлығы да бар. Браконьерлер біздің ұлттық байлығымыз - табиғатты аяусыз құртып жатыр. Үкіметке екі айдың ішінде тиісті заңнамаларды қатаңдату бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Әкімдердің тиімділігін халық бағалайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің тиімділігін халыққа бағалату жобасын енгізуі ұсынды.

«Қуатты өңірлер – қуатты ел. Бұл туралы да менің сайлауалды бағдарламамда айтылған. Осы бағытта келесідей міндеттерге күш салу қажет. Бірінші – жергілікті билік органдарының тиімділігін арттыру. Адамдардың жергілікті билікке қолы жетуі керек. Бұл аксиома, бірақ шындық емес. Ілкі жоба ретінде жергілікті билік қызметінің тиімділігін халыққа бағалату жобасын енгізуге болады деп санаймын. Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн дауыс беру нәтижесінде халықтың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімі тиімсіз жұмыс істеді деп санаса, бұл Президент Әкімшілігіне туындаған мәселені зерттеп, тиісті ұсынымдар беру үшін арнайы комиссия құруға негіз болады», - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсай алуы керек

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсауын реттеуді тапсырды.

«Алдағы жылдары жағдай өзгеруі мүмкін. Зейнетақы жинақтаушы азаматтардың саны айтарлықтай азайып, зейнеткерлер саны артады. Бұл жағдайда зейнетақы активтерінен түсетін инвестициялық табыс көлемі де төмендейді. Сондықтан, Үкіметке Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жүйесін тиімді ету бойынша маңызды жұмыс істеу керек. Қазір жұмыстағы адам өзінің зейнетақы қорын зейнетке шыққаннан кейін ғана пайдалана алады. Адамдардың бұл қаржыны зейнетке шыққанға дейін қолдану ниеті түсінікті. Сондықтан, Үкіметке жыл соңына дейін жұмыстағы азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мысалы, баспана сатып алу үшін немесе білім алу үшін. Шығындарды азайтып, активтерді инвестициялық басқарудың сапасын жақсарту үшін Үкіметке бюджеттік жүйені шоғырландыру мәселесін зерделеу, әлеуметтік қамтамасыз етуде бірыңғай әлеуметтік қор мен бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу жүктеледі», - деді Мемлекет басшысы.

Қандай мамандардың жалақысы артады

Қ. Тоқаев өз Жолдауында 2020 жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өсетінін мәлімдеді.

«Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», - деп атап өтті Президент.

Одан бөлек, азаматтық қорғаныс қызметшілерінің де жалақысын арттыру ұсынылды.

«Азаматтарды табиғи және техногенді апаттан қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Мұндай оқиғалар елімізде ғана емес, әлемде көбейіп келеді. Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек.

Үкіметке ІІМ реформасына бөлінетін қаражат негізінен азаматтық қорғау қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге 40 млрд теңге бөлуді тапсырамын», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен бірге, Президент 2020 жылдан бастап, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығын көтеруді тапсырды.

«Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекқақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлердің міндетті әлеуметтік жеңілдіктерін мәдениет саласының өкілдеріне де беруді ұсынды.

Ішкі істер министрлігін реформалауға 173 млрд теңге жұмсалады

Полицияның мемлекеттің күштік құралы ретіндегі бейнесі біртіндеп жоғалады да, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету органына айналады.

«Бірінші кезеңде 2020 жылдың соңына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта құру қажет. Мұны сапалы, науқаншылдықтан ада жүргізу қажет. Полиция жұмысының тиімділігі полиция қызметінің мәртебесіне тікелей байланысты. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жылда 173 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражат еңбекақыны арттыруға, баспана жалдауға және Халыққа қызмет көрсету орталығы ұстанымы бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады», - деді Президент.

Арыс оқиғасы Қарулы Күштердің қордаланған түйткілдерін көрсетті

Мемлекет басшысы Жолдау барысында Қазақстан армиясына қойылатын негізгі талаптарды атады.

«Алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде қауіпсіз армия қалыптастыру міндеті тұр. Арыстағы жағдай Қарулы Күштерде салмақты мәселелер қордаланғанын көрсетті. Барлық әскери шығындарды тәртіпке салып, армиядағы қаржылық және жалпы тәртіпті нығайту қажет. Оған қоса әскери қызметтің беделін, қарулы күштерді материалдық жабдықтауды арттыру керек. Біздің армия кәсіби дайындықтан өткен, жабдықталған, Отанға адал офицер мамандардың және әскери қызметкерлердің күшімен жаңа геосаяси жағдайда елдің қауіпсіздігіне төнген қатерлерге төтеп беруі тиіс», - деді Президент.

Ауылдарды дамытуға 90 млрд теңге бөлінеді

Елбасының «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасады.

«Бізге кішігірім елді мекендерді қаржыландыру мәселесін шешу керек. Өңірлік стандарттар жасалды, енді оларды үш мың ауылдық елді мекенге енгізу қажет. Биыл бөлінген 30 млрд теңгеге қосымша Үкіметке «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін алдағы үш жылда 90 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражат көлік, су, газ сынды инфрақұрылымдық мәселелерді және мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салу түйткілдерін шешуге жұмсалады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұл қаражатты жұмсалуын барлық мемлекеттік органдар қатаң бақылауда ұстауы тиіс.

2020 жылы үш облысқа газ тартылады

Келесі жылы Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына газ тарту жұмыстары басталады.

«Түрлі өңірлер тұрғындарының таза ауызсу мен табиғи газға, көлік инфрақұрылымына түрлі деңгейде қолы жетіп отырғаны анық. Осы теңсіздікті реттеу бойынша жұмысты қарқындату қажет. Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің бірінші кезеңі аяқталып келеді. Келесі жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында, одан кейін Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында тарату желілерінің құрылысын бастау жоспарланған. Бұл мақсатқа мемлекет 56 млрд теңге бөледі. Нәтижесінде 2 млн 700 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыру көбейеді

«Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыру 20 млрд теңгеге жеткізіледі.

«Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе - ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы», - деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан Қазақстан Президенті «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажеттігін айтты.

«Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.

Дарынды ауыл жастары іріктеледі

Қазақстанда «Дарынды баланың қабілетін дамытудың» жол картасы әзірленеді.

«Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке «Дарынды баланың қабілетін дамытудың» жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек»,- деді Тоқаев.

Сонымен бірге, Президент оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуді ұсынды.

«Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс. Экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек. Бірінші - білім беру сапасын жақсарту», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

«Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығына қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түседі. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары екендігін атап өтті.

«Бірақ, мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуміз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Барлық балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс

Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырды.

«Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарламаны әзірлеуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізген абзал. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Президент ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін атап өтті.

«Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы тұғырнамамда айттым. Енді Үкіметке бұл бағытта алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

ЖОО санын қысқарту қажет

Түлектерін жұмыспен қамти алмайтын жоғары оқу орындарының санын қысқарту мәселесін қарастыруды тапсырды.

«Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарастыру керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің атап өтуінше, терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміздің де бар екендігі жасырын емес.

«Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз», - деді Тоқаев.

Көпбалалы аналарды бизнеске тарту бағдарламасы әзірленеді

Президент Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ға бір айдың ішінде көпбалалы аналарды бизнеске тарту жөнінде бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

«Аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқор болу керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізген дұрыс. Атап айтқанда, мектепке дейінгі балалар тұрақты көмек, барлық оқушылар үшін тегін ыстық тамақ, оларды оқу қажеттіліктерімен қамтамасыз ету, медициналық және стоматологиялық қызметте көмек беру, қоғамдық орында шығынын қысқарту... Бұл шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынын бастап күшіне енуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Президент осы мақсатта Үкімет пен «Атамекен» палатасына бір айдың ішінде көпбалалы аналарды микро және шағын бизнеске тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

«Ондай санаттағы аналар үйінде отырып, табыс табатындай деңгейге жетуі тиіс», - деді ол.

Жыл сайын 10 мың отбасы 2 пайыздық ипотека алады

Президенттің айтуынша, 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады.

«Үкіметке тұрғын үй құрылысының бірыңғай моделін дайындап, өзара алшақ бағдарламалар қабылдаудан кетуді тапсырамын. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы о баста әлеуметтік бағдарлама болады деп күтілген. Қарыз алушының отбасылық орташа табысы айына 320 мың теңге болуы керек еді. Табысы мардымсыз адамдардың қалтасы ол бағдарламаға қатысуды көтермейтін болып шықты. Сондықтан, биыл Елбасының бастамасымен жеңілдік мөлшерлемесі 2 пайыз, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл айтарлықтай тиімді шарт. Жыл соңына дейін алты мыңға жуық отбасы осы бағдарлама бойынша баспаналы болады. Бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен мүгедек бала асырушы жанұялар қамтылады. 2020 жылдан бастан жыл сайын 10 мың осындай отбасы баспанамен қамтылады», - деген Президент Үкіметке бағдарламаға қатысудың айқын критерийлерін дайындауды жүктеді.

«Қолдау тек шынымен де мұқтаж адамдарға көрсетілуі тиіс. Үкіметке алдағы 3 жылда кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешуді тапсырамын. Олардың саны қазір 30 мыңға жуық. Табысы жоқ азаматтарға жеке баспана сатып алу үшін әлеуметтік аренда шарты бойынша мүмкіндік беру керек. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай 240 млрд теңге қарастырылған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шикізатқа байланбай, экономиканы әртараптандыру қажет

Шикізатқа байланған менталиттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру, білім экономикасы, еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторына айналып отыр.

«Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз керек. Бұл мәселелер бойынша менің барлық тапсырмаларымды, ескертпелерді Үкімет толық орындауға міндетті», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еңбек өнімділігінің нақты өсімін кемінде 1,7 есеге артыруымыз керектігін баса айтты.

«Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру стратегиялық міндет. Бұл Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз», - деді Қ.Тоқаев.

Үкімет тариф пен бағаны реттеу мәселесін қолға алуы керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тарифтер мен бағаларды реттеуді тапсырды.

«Үкімет тариф пен бағаны реттеу мәселесін қолға алуы тиіс. Бұл монополистердің тауарлары мен қызметтеріне қатысты. Біздің елде киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін баға қымбат екені құпия емес. Мәселен, неліктен негізгі авиатасымалдаушының авиабилеттері еуропалық бағаға қарағанда 30 пайызға дейін қымбат? Біздің әуежайлардың қызмет бағалары неліктен жоғары? Неге шетелдік әуе тасымалдаушылары үшін авиаотын отандық тасымалдаушыларға қарағанда қымбатқа сатылады? Осының салдарынан қазақстандық авиация саласы өзінің халықаралық бәсекеге қабілетін жоғалтып, елдің транзиттік әлеуеті азайып барады», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, жауапты министрліктің жұмысының әлсіздігінен темір жол, жолаушылар тасымалы билеттерінің жетіспеушілігі қолдан жасалып отыр.

Ұлттық қор – келешек ұрпақтың қаржысы

Президент Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажеттігін айтты.

«Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет. Бұл келешек ұрпақтың қаржысы. Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, кепілдендірілген трансферт көлемі 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 трлн теңгеге дейін азаюы тиіс.

«Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл соңын дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», - деді ҚР Президенті.

Бизнеске кедергі келтіру – мемлекетке қарсы қылмыспен тең

Алдағы үш жылда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосымша 250 млрд теңге бөлінеді.

Сонымен бірге, Президент микро және шағын бизнесті табыс салығынан уақытша босатуды тапсырды.

«Үкіметке микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан 3 жылға босату туралы заңды негіз құруды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, жұмыс берушінің жұмысшыға қосымша 5 пайыз зейнетақы аударуы да 2023 жылға дейін шегерілді.

Қ. Тоқаев Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік жиілеп кеткенін сынға алды.

«Менің бұл мәселе бойынша ұстанымым айқын. Бизнестің дамуына, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекет мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы керек. Осыған байланысты заңнамалық тұрғыда қосымша шаралар қабылдау керек. Парламент пен Үкімет бұл мәселені шешудің жолын ұсынуы қажет. Сонымен бірге, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекетті күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға және салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті қатаңдату керек», - деді ол.

Президент Есеп комитеті мен Қаржы министрлігіне бизнеске бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.

«Тиімді шағын және орта бизнес - қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік –экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтады. Сондай-ақ, жаппай кәспікерлікті дамыту – санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан, мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсетеді. Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнінде жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бірақ, жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ», - деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Мерейтойларда ысырап болмасын

Мемлекет басшысы Әл-Фараби мен Абайдың мерейтойында ысырапшылдыққа жол берілмеуі қажеттігін тапсырды.

«Келер жылы аталып өтілетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ ең маңызды мерекеге - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыруымыз қажеттігін атап өтті.

«Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент Алтын орданың 750 жылдығы туризмді дамыту тұрғысынан тойланатынын баса айтты.

«Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс. Алтын орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек», - деді Президент.

Бұқаралық спортты дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді

Президент бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін жеткізді.

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде 2020 жылы волонтерлер жылы болатынын еске салды.

«Маңызды міндеттердің бірі – жастар мен студенттерді ерікті жұмысқа тарту, оларға белсенді өмірлік позицияларды сіңіру. Бұл – азаматтық қоғамдық бекемдеуде жұмысымыздың маңызды бөлігі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулық сақтау саласына 2,3 трлн теңге жұмсалады

Үш жылдық бюджет аясында денсаулық сақтау саласын дамытуға 2,3 трлн теңге жұмсалатын болды.

«Медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерде, әсіресе ана мен бала өлімі жағынан аймақтық дисбаланстар айқын байқалады. Иә, соңғы атаған көрсеткіш азайып келеді. Алайда дамыған елдерге қарағанда әлі де нашар. Үкімет әрбір аймақ үшін басымдық тізімін әзірлеуі және соның негізінде бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын еске салды.

«Әрбір азаматқа айтарым: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап қалады. Оның қаржыландырылуына алдағы үш жылда 2,8 трлн теңге бөлінеді. Үш жылдық бюджет аясында 2,3 трлн теңге денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалады. Үкімет медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске асыруға баса маңыз беруі тиіс. Ендігәрі қателік жіберуге қақымыз жоқ», - деді Президент.

Мемлекеттік сатып алудағы «астауды» жабу керек

Президент мемлекеттің барлық тиімсіз шығындарын қысқарту керектігін мәлім етті

«Қаржы министрлігі табысты арттыру жұмысын жүргізуде. Алайда, қосымша жұмыс керек. Мәселен, кеденге қатысты мәселе бар. Елбасы «Nur Otan» партиясының Саяси бюросының отырысында мемлекеттік сатып алу процесін қысқарту мәселесін көтерген болатын. Қаржы министрлігі сатып алу процестерін оңалтуды бастап кетті. Бірақ, әлі де болса заңнамалық сипатта жұмыс керек. Мемлекеттік сатып алуда орасан зор резерв жатыр. Кейбір есептерге сүйенсек, онда 400 млрд теңгеге дейін қаражат бар. Ол қаражатты өткір әлеуметтік мәселелерге жұмылдыруға болады», - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында. Президенттің айтуына қарағанда, 2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 трлн теңгеге жеткен. Соның 3,3 трлн теңгесі, яғни 75 пайызы бәсекеден тыс амалмен жүргізілген. «Шенеуніктер мен қайдағы бір жабысқандар үшін бұл астауды жабу керек», - деді ол.

Заңнаманы зерделеу және сараптау институты құрылады

Президент Жолдауында ҚР Парламенті жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтының құрылатыны хабарланды.

«Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым күшейту керек. Сондықтан депутаттарымыздың өтініштеріне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма беремін», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің пайымынша, аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар