Педагогтардың үстемеақысына жеткілікті қаражат бөлінбей отыр – Әли Бектаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев педагогтар үстемеақысының уақытылы берілмеуі мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, проблема көп. Қаржы тапшы. Оның барлығы жақсы түсінеміз. Бірақ, айтылмаса болмайтын бір күрделі мәселе бар. 2019 жылдың 1 маусымынан 30 пайызға көбейген білім саласындағы бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен педагог-психологтарының жалақысы 2020 жылға толық қаралмаған. Тек Түркістан облысы бойынша 12,8 млрд теңге көлемінде қаржы жетпейді. Осындай жағдай басқа облыстарда да қалыптасқан. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеттен осы мақсатқа әр жылы 350,3 млрд теңге қаржы бөлу туралы ұсыным жасалған. Өкінішке орай, 2019 жылдың 27 тамызында өткен Республикалық бюджет комиссиясының қорытындысы бойынша, тек 317,3 млрд теңге қаржы ғана қолдау тауып, әр жылға өңірлерге бөлінетін ағымдағы мақсатты трансферттерге 33 млрд теңге аз қаралған. Яғни, барлық облыстар мен қалалар бойынша осынша қаржы жетіспейді деген сөз», - деп атап өтті депутат ҚР Парламенті Сенатының отырысында .

Оның айтуынша, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жауабында Бюджет кодексінің 45-бабына сәйкес, жетіспейтін қаражатты республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер ретінде бөлдіру қажеттігі айтылған.

«Ал Қаржы министрлігі болса, жергілікті бюджетке сілтейді. Өкінішке қарай, Түркістан облысы әкімдігінен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаевтан түскен ұсыныстарға қарамай, бұл мәселе 2020 жылғы бюджеттің нақтылануы барысында да ескерілмей қалғандығы таң қалдырады. Облыс әкімдігі Түркістанда атқарылып жатқан қыруар жұмыс арасынан бөліп жүріп, 7,4 млрд теңге қаржыны жергілікті бюджет есебінен қарастырып отыр. Сонда қалғаны – 5,4 млрд теңге. Бірақ, бұл – он мыңдаған мұғалімдер мен тәрбиешілердің, психологтардың, сол саладағы ең ауыр жұмыста жүрген азаматтық қызметшілердің жалақысы. Олардың айлықтары онсыз да аз. Енді келіп, мемлекет тарапынан күнкөріс деңгейін көтеру мақсатында қаралған үстемеақыны да уақытында ала алмайтын түрі бар. Турасын айтқанда, бұл үстемеақы ғана емес, өздерінің маңдай терімен тапқан еңбек табысы», - деді Ә. Бектаев.

Бұл ретте депутат 2020 жылдың халық үшін оңай болмағанын еске салды. Панедмия талай адамды қиындықта қалдырды, жұмыссыз қалдырды, табысынан айырды.

«Соған қоса, Қаржы министрлігі тағы бір проблеманы қолдан жасап отыр. Дәл жаңа жыл алдында жалақысын ала алмаған халықтың көңіл-күйін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Біздің жауапты мемлекеттік органдар қашанғы бір-біріне сілтеп, арзымайтын нәрсені ойыншыққа айналдырып, халықты сарсаңға сала береді? Республика бойынша 33 млрд теңге біздің мемлекет үшін аса көп қаржы емес. Жыл соңына дейін екі ай қалғанын ескерсек, бұл проблеманы тезірек шешу керек. Бүгінгі қаралып отырған 2020 жылдың бюджетін нақтылау барысында, ҚР Үкіметінің резерві 4 есе көбейтіліп, 316 млрд теңгені құрап отыр. Үкімет резервінен осындай қарыздарды жаппағанда, қандай нәрсеге жұмсау көзделіп отыр? Біз айтып отырған мәселені де Төтенше жағдай деп қарауға болады. Құрметті Ералы Лұқпанұлы! Ерұлан Кенжебекұлы! Жаңа жыл талай жаңалықтарға толы болайын деп отыр. Алдымызда бізді тарихи оқиғалар, саяси науқандар, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы күтіп тұр. Олай болса, біздің Үкіметіміз халық үшін ашық және еститін Үкімет екенін осы проблеманы шешу арқылы дәлелдейді ғой деп ойлаймыз», - деп сөзін қорытындылады Әли Бектаев.


Соңғы жаңалықтар