Павлодарлық оқушы Apple компаниясының жүлдесін жеңіп алды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Еркебұлан Елжан алпауыт Apple компаниясының «Swift Student Challenge» атты сайысында жеңімпаз атанды. Бұл жөнінде pavlodarnews.kz ресурсына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Білім ордасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қуанышты хабар оқушының электронды поштасына келіп түскен. Аталмыш сайысқа жас зияткер аутизммен күресіп жүрген балаларға арналған өзінің мобильді қосымшасын ұсынған.

- Жарыcқа әлемнің 41 елінен миллиондаған адамдар өтініш берген, - дейді Еркебұлан. - Осыған дейін жеңімпаздар қатарынан табылған қазақстандықтардың саны саусақпен санарлық екен. Әлемнің ең ауқатты компаниясының үздік инженерлерімен қоян-қолтық жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болғаным мені өте ерекше сезімге бөлейді. Бұл кімге де болсын арман деп есептеймін.

Жарыс барысында әлем бойынша ең үздік 350 қосымша таңдап алынды. Жеңімпаз компанияның эксклюзивті күртешесі мен Apple Developer Program бағдарламасы бойынша бір жыл көлемінде барлық құрылғыларды тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Оған қоса, Apple инженерлерімен онлайн «жеке» кездесулерде сабақ алып, шеберлік сағаттарына қатысаы.

- Мен аутизммен күресіп жүрген балаларға арналған қосымшаны жасап шығардым. Бұл бағдарлама арқылы адамдардың эмоциясын анықтау әлдеқайда оңай болады. Сонымен қоса, интерфейс толықтай балаларға қолайлы етіп жасалынды. Тағы бір ерекшелігі, 2019 жылғы презентациядағы озық технологиялар осы қосымшада қолданылды, - дейді оқушы.

Жеңімпаздар жыл сайын әлемнің ең үздік әзірлеушілерін бір арнаға тоғыстыратын WWDC конференциясына қатыса алады. Биыл 22 маусымда басталатын ауқымды шара 31-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Әдетте дәстүрлі дода жеңімпаздары Калифорниядағы Apple Park ғимаратында төрткүл дүние көз тіккен WWDC презентациясына қатысып, кейіннен бір апта бойы Apple компаниясының бас директоры Тим Кукпен кездесіп, ең мықты инженерлерден сабақ алатын.

Алайда осы жылы COVID-19 пандемияcына байланысты ұйымдастырушылар барлық іс-шараларын онлайн форматта өткізеді. Миллиондаған әзірлеуші iOS, iPadOS, macOS, watchOS және tvOS болашақ нұсқаларына қол жеткізе алады.

Сондай-ақ бүкіл әлем бойынша Apple пайдаланушыларының өмірін жақсартатын қосымшаларды жасайтын Apple инженерлерімен қашықтықтан өткен кездесуде білімдерін арттырады.


Соңғы жаңалықтар