Павлодарлық музейде Елбасының жеке заттары көрмеге қойылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Балалық шағымның аспаны» тақырыбында көрме ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Елбасының бес қыры» жобасы аясында ұйымдастырылған көрмеде Елбасының балалық шағының куәсі болған - оқушы кезінде отырған партасы мен алғаш қолына ұстаған домбырасы, шапаны сияқты құнды заттарды кездестіруге болады. Көрменің ашылуына келген павлодарлықтар әуелі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағын суреттейтін «Балалық шағымның аспаны» деректі фильмінде Елбасы өмірге келген жайлау мен Шамалған ауылында тұрған үйдің толық көрінісін тамашалады. Бұдан кейін Елбасы өзі айтқан балалық шағы туралы әңгімесіне түсірілген бейнефильм ұсынылды. Облыстық Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Динара Опабекованың айтуынша, мерекеге орай ұйымдастырылған көрме 4 бөлімнен тұрады.

«Бұл бөлімдер Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағымен тікелей байланысты. Елбасының бала кезіндегі арманының бірі - ұшқыш болу еді. Ол тек арман күйінде қалса да біз көрмеге ұшақтың макетін қоюды жөн көрдік. Сондай-ақ, Қазақ елін алма мен қызғалдақтың Отаны деп жатамыз. Жалпы алғанда алма мен қызғалдақтың да Тұңғыш Президентіміздің балалық шағында алатын орны ерекше. Бұдан бөлек, ол кісі бала кезінде спортқа де өте жақын болған. Сонда жеткен жетістіктері мен марапаттарын да қамтуға тырыстық», - дейді Динара Опабекова.

Сонымен қатар, көрмеден Елбасының жазған кітаптарын және Павлодар өңіріне жасаған сапары кезінде түсірілген фотосуреттерді де кездестіруге болады. Жалпы 150-ге жуық экспонат қойылған көрмеден эксклюзивті заттар орын алған.

«Аймағымыздағы электролиз зауыты мен алюминий зауытының екінші қатары ашылған кезде Елбасы өзі келіп қатысып, алюминийдің бір кесегін ұстап тұрып суретке түскен екен. Ал 1997 жылы сол зауыт салынады деп негізі қаланған кезде де ол кісі қолына қалақша алған. Осы тарихи сәттердің барлығы таспаланған суреттер көрменің бір бөлігін алып тұр. Жуырда музей қорына Алюминий зауыты осы құнды суреттер мен Елбасы өз қолымен ұстаған алюминийдің кесегін және қалақшаны бізге берген болатын. Бүгінгі көрмеге қойылған ерекше заттардың бірегейі – осылар», - деп атап өтті Динара Опабекова.
Соңғы жаңалықтар