Павлодарға Түркістан облысынан жеткізілген 10 тонна орамжапырақ мұқтаж отбасыларға беріледі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Көмек ретінде келген көкөніс мұқтаж отбасыларға және әлеуметтік ұйымдарға таратылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарға Түркістан облысынан орамжапырақ тиелген 10 тонналық жүк көлігі келді. Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының жанында 10-нан астам еріктілер ұйымы орамжапырақты өз көліктеріне тиеп алды. Еріктілер көкөністі тиісті ұйымдарға, мұқтаж отбасыларға жеткізеді. Көмек көрсету акциясын «Біргеміз» өңірлік кеңсесі мен Қазақстан жастар Конгрессі ұйымдастырды. - Түркістандық диқандар солтүстік өңірлерге көмек қолын созуға бел байлады, - дейді «Біргеміз» өңірлік кеңсесінің жетекшісі Саягүл Серікбекқызы. – Жүк көлігін толтырып бізге орамжапырақ жіберді. Бұл көмек қарттар үйі, аналар үйі, балалар үйі және басқа да әлеуметтік ұйымдарға, сондай-ақ біздегі еріктілер ұйымдарының қарауындағы мұқтаж отбасыларға таратылады. Көкөністі таратуға 40 отбасыны жауаптанған «Вита» Павлодар қаласының іздеушілері де келді. - Соңғы 1 ай уақыт аралығында жоғалған адамдарды іздеумен қатар, мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығын таратумен де айналысып жүрміз, - дейді павлодарлық іздеушілердің бірі Людмила Былинина. – Орамжапырақ туралы ЖБДО қоңырау шалды. Біз көмекке мұқтаж көп балалы отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен мүгедек қарттарға көмектесудеміз. Осы уақытқа дейін 1 мың азық-түлік жиынтығын тараттық. Бізде көмек көрсетумен айналысатын 18-50 жас аралығындағы 70-ке жуық ерікті бар. Павлодар облысындағы АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырған жандарға көмек көрсетумен айналысатын «Сен жалғыз емессің» қоғамдық қоры да орамжапырақтарды таратуға кірісті. - Орамжапырақ таратылатынын естігенде қуанып қалдық, -дейді қор өкілі Надежда Сапунова. – Өңірімізде АИТВ жұқтырған көп балалы отбасылар, карантинге қатысты жұмысынан айырылған және басқа да жағдайға байланысты мұқтаж отбасылар көп. Жалпы біздің қор қарауында 300-ден астам адам бар. Штабымызда 9 адам жұмыс жасайды. Бүгін Павлодар қаласындағы 100-ге жуық адамға көкөністі жеткізіп беруді жоспарлап отырмыз.

Айта кетейік, павлодарлық еріктілер Түркістан облысының фермерлері жіберген сыйды осы демалыс күндері толық таратып бермек.
Соңғы жаңалықтар