Павлодарда жол апатына кінәлі жүргізуші жалған қызметтік құжат көрсеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көлігімен басқа автомобильді соғып, содан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының қызметкері ретінде жалған қызметтік құжат көрсеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бейтаныс азамат ақ түсті мемлекеттік нөмірі «151ОТА01» Тойота Камри 55 автокөлігімен жол-көлік апатын жасағаннан кейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аға офицері Арман Серікұлы Иманбаевтың атынан № 018 қызметтік куәлігін көрсетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкері ретінде өзін таныстырған бейнеролик алынды», делінген хабарламада.

Бейнеролик авторы оның мас екенін айтады. Тексеру оқиғаның 21 қарашада Павлодар қаласында Шарбақты көпірінің жанында болғанын анықтады.

«Аталған ер адамды полиция қызметкерлері ұстап, ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігінде көзделген ауыр қылмыс жасағаны үшін (алаяқтық) халықаралық іздеуде жүрген адам ретінде таныды. Тексеру кезінде полицейлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жалған қызметкерінің автокөлігін және өзін тінту кезінде жоғарыда аталған А.С.Иманбаевтың атындағы қызметтік куәлік таппады. Ұсталған азаматтың түсіндіруі бойынша ол куәлікті өртеп жіберген», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат Алматы қаласы Полиция департаментнің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған тұлғаның осылайша құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде өзін таныстыруы алғашқы рет емес. 2011 жылы осыған ұқсас әрекеттері үшін (өзін ҚР ІІМ қызметкері ретінде көрсеткен) сотталған.

21 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің қызметтік куәлігінің жаңа үлгісімен таныстырды.

«Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа үлгісін парасаттылық идеологиясының негізінде ілгерілете отырып, өткеннің нышандары мен рәміздерінен арылу өте маңызды. «Корочка» түріндегі қызметтік куәліктер қоғамда жағымсыз қабылданатыны ешкімге құпия емес, оны теріс пайдалану және бассыздықпен байланыстырылады. Екіншіден, бұл өте үнемді және функционалды. Жаңа куәліктерді әзірлеу құны ескі үлгіге қарағанда екі жарым есе арзан. Агенттіктің әкімшілік ғимараттарына сол арқылы кіруге болады. Үшіншіден, барынша сенімді, 6 қорғаныш дәрежесі болғандықтан олардың жалған түрін жасау тәуекелі жоқ. Төртіншіден, бекітілген формат халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде пластик ID-карталарды полиция, арнаулы қызметтердің және мемлекеттік органдардың қызметкерлері бұрыннан пайдаланады», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа үлгідегі қызметтік куәлікті үй жағдайында әзірлеу мүмкін емес. Осы ретте, агенттік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкерлерінің қызметтік куәлігін теріс мақсатта пайдаланған жағдайда 1424 Call-center-ге хабарласуды сұрайды.

Соңғы жаңалықтар