Павлодарда жайылымнан 22 жылқы ұрлаған жігіт арада бес ай өткенде қолға түсті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық полицейлер «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы барысында ветеринария саласындағы 43 құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сенсек, оның ішінде қараусыз жүрген 32 мал иесі жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ тиісті құжатсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 11 фактісі анықталды.

Бұдан басқа, облыс аумағында бұрын жасалған мал ұрлығы ашылды.

- Мысалы, Шарбақты ауданында биыл мамыр-маусым айлары аралығында Галкино ауылының маңында еркін жайылымнан 22 бас жылқы ұрлады деген күдікпен 29 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Шығын шамамен 5 млн теңгені құрады. Күдікті қамауда. Ұрланған мал үш жәбірленушіге қайтарылды, - деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Павлодар ауданының полиция қызметкерлері қыркүйек айында Алексеевка ауылының жайылым жерлерінен үш ірі қара мал басын ұрлап, жалпы сомасы 900 мың теңге шығын келтірген 52 жастағы ауыл тұрғынын ұстады.

Май ауданында жедел уәкілдер бұрын шопан болып жұмыс істеген 50 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді.

Ол 2013 жылдың тамыз айында жайылым учаскесінен екі қой мен бір жылқы ұрлады деп күдікке ілінген.

Шығын - 260 мың теңге.

Барлық айыпталушыларға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Павлодар облысының полиция департаменті жануарларды қараусыз қалдырмауды, қашалар орындарын қорғау құралдарымен жабдықтауды және егер ұрлық орын алса, дереу полицияға жүгінуді ұсынады, себебі уақыт өткен сайын ұрланған малды және қылмыскерлерді табу қиынға соғады.

Еске сала кетейік, «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы 24 қарашаға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар