Павлодарда тарихи тұлғалардың оннан астам домбырасы көрмеге қойылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Ғасырлар үні» атты көрме ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған көрмеге өңіріміздің өнер әлемінде іздері қалған тұлғалардың суреті мен қолданған домбыралары қойылды.

"Домбыра мен қазақ егіз ұғым. Домбырасыз қазақты, қазақсыз домбыраны елестету мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық домбыра күніне орай музейімізде көрме аштық", - деді музейдің бас қор сақтаушысы Әлия Саматова.

Айта кетсек, көрменің инсталляциясы жазушы, журналист Мейрам Асылғазин, әнші, композитор Жүнісбек Шаймерденов, әнші, композитор Рахметхан Нұрбасаров, ұстаз, қолөнер шебері Нұрбек Әділбековтың және өзге де майталман тұлғалардың домбыраларынан жасалды. Оған қоса көрмеге Кәукен Кенжетаевтың аққу басты домбырасы да қойылған. Көрменің ашылу салтанатында тұлғаларымыз жөнінде мәлімет беріліп, С.Торайғыров атындағы ПМУ қазақ тілі және журналистика кафедрасының меңгерушісі Айман Файзуллақызы домбыраның тариxына тереңнен үңілді. Сонымен қатар, өңірімізге танымал әнші, күйшілер өнерлерін ортаға салды. Шара барысында домбыра жасау ісінің маманы Қуандық Баязитов шеберлік сағатын өткізді. Айта кетейік, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында 20-дан астам домбыра бар. «Ғасырлар үні» көрмесіне 10-нан астам домбыра қойылды.

3 шілдеде басталған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 13 шілдеге дейін таңғы сағат 9:00-ден бастап, 18:00-ге дейін тамашалай алады.

Соңғы жаңалықтар