Павлодарда соғыс ардагерінің туыстары іздестіріліп жатыр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар қаласының «Майдан жолы» іздеу жасағына Екінші дүниежүзі соғысына қатысқан кіші сержант Геннадий Георгиевич Курбановтың Ленинград облысынан табылған гвардия құтысы табысталды. Майданға Павлодар облысынан шақыртылған жауынгер із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болған жоқ, шайқаста аман қалуы да мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шындықты жеткізу және әлемді қорғағандар туралы естелік қалдыру» халықаралық конференциясы алаңында «Эдельвейс» іздеу жасағы (Северодвинск қаласы, Ресей) командирінің орынбасары Александр Щетнев павлодарлық «Майдан жолы» іздеу-зерттеу жасағының командирі Александр Шитовтың қолына ҚазКСР тумасы Курбанов Геннадий Георгиевичтің есімі жазылған құтыны салтанатты түрде табыстады», - деп баяндады іздеу жасағынан.

2011 жылы «Эдельвейс» жасағы Найтолово ауданындағы Шаршы алаңқайдағы блиндажда құтыны тапқан.

Онда «Курбанов Геннадий Георгиевич 1914 жылы дүниеге келген. Қазақ КСР Павлодар өлкесі. Армияға 1940 жылы шақыртылды» деген жазу бар.

Александр Щетнев база бойынша бұл сарбаздың із-түзсіз жоғалғандар тізімінде жоқ екенін, ол туралы мәліметті наградтау құжаттарынан тапқанын хабарлады.

«Жауынгер 1942 жылғы қыркүйекте Шаршыда болған шайқастан аман қалып, 1943 жылы Днепрге өткені белгілі болды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен екі рет марапатталған (1943 және 1944 жылы)», - деп атап өтті павлодарлық «Майдан жолы» іздеу-зерттеу жасағының командирі А.Шитов.

Геннадий Георгиевич Курбанов 1914 жылы дүниеге келді.

Майданға Каганович аудандық әскери комиссариатынан (қазіргі Павлодар облысының Ақсу ауданы) шақыртылған.

Үшінші Украина майданы 92-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 282-ші гвардиялық полкінің әскери бөліміне түскен.

Әскери қызметін 1941 жылы бастаған.

«Бұл сарбаз туралы басқа ақпарат жоқ. Курбанов Геннадий Георгиевичтің ұрыстың қайнаған ортасынан аман қалуы да мүмкін. Оның тағдырын біліп, туыстарын тапқымыз келеді, жәдігерді жауынгердің үйіне табыстасақ екен дейміз», - деп қосып өтті Александр Шитов.


Соңғы жаңалықтар