Павлодарда қос азаматтықпен жүрген ерлі-зайыпты елден шығарылды
Павлодар облысының тұрғыны әйелімен бірге Қазақстан азаматы бола тұра Ресей Федерациясының азаматтығын алған және ол жайлы тиісті органдарға хабарламаған.
– 15 мамырда ер адам және оның жұбайы Ресей Федерациясының азаматтығын алған, бірақ ол жайлы қолданыстағы заңнамада белгіленген уақытта мәлім етпеген. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 496-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалып, іс сотта қаралды. Сот қаулысымен шетелдіктерді елден шығару туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады Павлодар облысы Шарбақты ауданы полиция бөлімінің инспекторы Әділ Шәріпов.
Шарбақты аудандық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 496-бабы 2-бөлігіне сәйкес белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағандарға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жібереді.