Павлодарда қоғамдық орында мас жүрген 10 жасөспірім ұсталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда полиция «Көктемгі демалыс» операциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және болдырмау үшін 20-30 наурыз аралығында, яғни көктемгі демалыс кезінде Павлодар қаласының аумағында «Көктемгі демалыс» жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүруін болдырмауға ерекше көңіл бөлген. Соның нәтижесінде түнгі уақытта көшеде жүрген кәмелеттік жасқа толмаған 49 бала анықталды. Барлық ата-анаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 442-бабы бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды», - деп хабарлады Павлодар қаласы ювеналды полициясының аға инспекторы Руслан Сүлейменов.

Сондай-ақ, қоғамдық орында мас жүрген тағы он жасөспірімнің ұсталғанын атап өтті. Бұл үшін олардың заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды.

«Мысалы, 29 наурыз күні сағат 23.20-да Теплов көшесінде 15 жасар жасөспірім ұсталды. Әңгімелесу барысында одан ішімдіктің иісі шығып тұрған», - деді аймақтық полиция департаментінің баспасөз қызметінен. Оның анасына Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы 2-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды.

«Алдын алу шарасын өткізу кезінде Павлодар қаласының полицейлері 69 әкімшілік тәртіп бұзушыны анықтаған. Кәмелеттік жасқа жетпеген жеті адам мен 69 әкімшілік тәртіп бұзушы бақылауға алынды», - деді Р.Сүлейменов.


Соңғы жаңалықтар