Павлодарда қоғамдық көліктің жолақысын ақшамен төлеу қымбат болады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Жаңашылдықты қазан айының соңына дейін Павлодар облысы Кәсіпкерлер калатасының сараптама кеңесі мен қаланың қоғамдық кеңесі бірге қарастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта қала билігі шегерме ақылы тариф енгізуді жоспарлап отыр. Оған сійкес, жолақыны қолма-қол ақшамен төлегенде 150 теңге болады, ал ақшасыз төлесе сол бұрынғы бағада қалады, яғни 80 теңгені құрайды», - деп хабарлады Павлодар әкімдігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жаңашылдықты қазан айының соңына дейін Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының сараптама кеңесі мен облыс орталығының қоғамдық кеңесі бірге қарастырады. Ақпарат жария талқылау үшін сайттарға орналастырылады.

«Облыс орталығында қоғамдық көліктің қалалық маршруттарына 7 автомобиль тасымалдаушысы мен «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ қызмет көрсетеді. 32 автобус маршрутында 400-ден астам көлік қызмет көрсетеді, сондай-ақ күн сайын желіге 68 трамвай шығады», - деп түсіндірді қалалық әкімдікте.

2021 жылдың шілде айынан бастап барлық бағыттарда жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі жұмыс істейді. Қалалық әкімшілік өкілдерінің айтуынша, қазір Павлодардың қоғамдық көлігінде электронды билеттеу жүйесінің 2 операторы жұмыс істейді: «Смарт Автобус ПВ» ЖШС және «БПЦ Қазақстан».

«Электрондық билеттеуді енгізу субсидиялауды қажет ететін бағыттарды одан әрі анықтау мақсатында нақты жолаушылар ағынының есебін жүргізуге, тегін және жеңілдетілген санаттағы азаматтар сапарының санын есептеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі тасымалдаушылар алатын ақша айналымын ашық етеді», - деп атап өтті билік.


Соңғы жаңалықтар