Павлодарда ірі сауда орындарында қазақ тілі кабинеттері ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қаладағы ірі сауда орталықтарының қызметшілеріне арналған қазақ тілі сыныптары ашылады және келесі жылы бұл іс жалғасын табатын болады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мен Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

- Аталған меморандумның мақсаты мемлекеттік тілдің тұрмыстық қызмет көрсету салаларында, анықтамалық-ақпараттық қызметте қолданылуын қамтамасыз ету, оның әлеуметтік рөлін және деңгейін арттыру болып табылады. Соңғы кездері осы тақырыпқа қатысты түсініспеушілік туындап жатқаны белгілі. Сондықтан келесі жылы шағын және орта бизнес өкілдері арасында тілдік курспен 150 адам қамтылады. Кәсіпкерлік саласында мұндай курс алғаш рет ұйымдастырылады, - дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Ержан Советұлы.

Бұдан бөлек, стартап-жобалар ұйымдастыру, тегін тілашарлар мен сөздіктер тарату жоспарланып отыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының базасында шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған әдістемелік көмек көрсету бойынша фронт-офис кабинетін ашу жоспарлануда.

Меморандум мемлекеттік тілдің тұрмыстық қызмет көрсету салалары мен бизнес ортада тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік рөлін арттыруды көздейді.


Соңғы жаңалықтар