11:29, 11 Маусым 2021 | GMT +6
Павлодарда дүкен өртеніп, 47 адам эвакуацияланды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар қаласында дүкен өртенді. Өрт сөндірушілер жалынға оранған ғимараттан 47 адамды қауіпсіз жерге шығарды, олардың арасында бір бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Таңғы сағат 07:05-те Павлодар қаласындағы Сәтбаев көшесінде орналасқан «Альтаир» дүкенінен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Тоғызқабатты көппәтерлі үйдің астында салынған бірқабатты дүкенде үш шаршы метр аумақта өрт болған», - деп хабарлады Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Өрт сағат 07:50-де толық сөндірілді. ТЖД қызметкерлері баспалдақпен 47 адамды эвакуациялаған, олардың арасында бір бала болды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, деп қосып өтті ТЖД-дан.
«Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда. Тілсіз жаумен күрес жүргізуге жеке құрамның 15 адамы мен бес техника бірлігі жұмылдырылған», - деп баяндады ведомстводан.