Павлодарда әйел мас күйінде төрт баласын отырғызып алып көлік жүргізген

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Жүргізуші әйел жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түнгі сағат үште Павлодар қаласының Новосібір көшесінде патрульдік полиция ВАЗ-2107 маркалы көлікті тоқтатты. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша, көлікті жүргізген 30 жастағы әйел ішімдікке мас болған. Ол 10, 7, 3 және бір жасар төрт баласын бірге алып жүрген», - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полиция әйелге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) токсикомандық мас күйінде жүргізу» бабының бірінші бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материалды мамандандырылған әкімшілік сот қарастырып, әйелді жеті жыл көлік жүргізу құқығынан айырды.

Сондай-ақ, әйел ҚР ӘҚБК 590-бабының екінші бөлімімен көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Үш бала өңірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына жеткізілді, ал бір жасар бала облыстық балалар ауруханасында қаралған соң сәбилер үйіне жіберілді.

Кәмелеттік жасқа жетпегендерді тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісті атқармағаны үшін қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБК 127-бабы бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Материал сотқа жіберілді.

«Жыл басынан бері полиция мас күйінде көлік айдаған 235 жүргізушіні ұстады», - деп хабарлады ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар