Павлодарда аутист балаларға арналған орталық ашылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда аутистік спектрдің аурулары бар балаларға арналған «Асыл мирас» орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

18 жасқа дейінгі балаларға арналған орталық тегін қызмет көрсетеді.
Аутизмі бар балаларға заманауи мамандандырылған бағдарламалар бойынша қолдау көрсететін орталықтың ашылуын ең алдымен олардың ата-аналары күтті. Олар облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтан өңір тұрғындары алдында есеп беруі кезінде қолдау көрсетуін сұраған болатын. Мәселе қолға алынған кезде ғимаратты таңдауда қиындық туындады – ол ерекше балалармен жүргізілетін жұмыстың талабына сәйкес келуі керек еді. Дегенмен, мұндай ғимарат Луначарский көшесіндегі 28-үйден табылды. Жаңа орталық ғимаратын осында емделетін балалардың ата-аналары ұнатты.
«Бұл – бәріміз үшін өте қуанышты күн. Ерекше балалар тәрбиелеп отырған көптеген ата-аналар сапалы диагностикадан өту және қажетті дағдыларды үйрену үшін басқа қалаларға жиі баруға мәжбүр болды. Оған қоса әрбір ата-ана бір айлық курс үшін 100-120 мың теңге бере алмайды. «Асыл мираста» біз барлық қажетті қызметтерді тегін ала аламыз. Ең бастысы, мен ұлыммен өзара дұрыс қарым-қатынас құруды үйрене аламын», - дейді аналардың бірі Мария Терентьева.


Павлодарда «Асыл мирас» аутизм орталығы Болат Өтемұратовтың қорымен бірлесіп ашылды. Қор бағдарламаларының бірі «Аутизм». Әлем баршаға ортақ» жобасы. Оның мақсаты – аутистік спектрдің аурулары бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту.
«Біздің өңір бұрыннан осындай орталыққа мұқтаж болған және бүгін біз үшін үлкен оқиға болды. Ата-аналар мен ҮЕҰ өкілдеріне күткендері үшін жеке алғысымды білдіргім келеді. Орталықтың ашылуы біздің өңірде аутизм терапиясын дамытуды жаңа деңгейге көтереді деп шын жүректен үміттенемін», - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент және Петропавлда ашылған мұндай орталықтар қазір оң нәтиже беріп жатыр.


«Біздің орталықтарымыздың есігі барлық ата-аналар мен балалар үшін ашық. Мұнда ең озық әдістемелер бойынша дайындалған мамандар аутистік спектрдің бұзылуын тегін анықтайды және оны бейімдеу үшін жеке бағдарлама әзірлейді. Біздің барлық орталықтарымыз сабақтарды Калифорния университеті және Атлантадағы Marcus Autism Center әзірлеген америкалық әдіспен өткізеді. Бұл технологиялар өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біздің орталықтарға келген әр баланың дамуында ілгерілеушілік бар», - деді қордың директоры Марат Айтмағамбетов.


Жаңа орталықта диагностика кабинеті бар. 3 жастан 7 жасқа дейінгі балалар үшін «Джаспер» кабинеті жұмыс істейді, онда тәрбиеленушілердің базалық оқу және сөйлеу қабілеттері бағаланады. Бейімдеу кабинетінде қарым-қатынас жасау, сөз түсіну, өзіне-өзі қызмет көрсету және визуалды қабілеттер дамытылады. Қарқынды шаралар кабинетінде балалар ата-аналарымен бірге екі апталық өзара әрекеттесу курсынан өтеді. Сондай-ақ орталықта 8 жастан 15 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік бейімдеу сыныбы, ертеден қолдау кабинеті және сенсорлық бөлме бар. Орталық тәрбиеленушілеріне кешенді көмекті жоғары білікті мамандар тобы, яғни дефектолог, психолог, логопед, ЕДШ нұсқаушысы және басқалар көрсетеді. Орталық қызметкерлерінің біліктілігі үнемі арттырылып отырады, бастысы, ата-аналар балаларымен қарым-қатынас құруды үйренеді.



Соңғы жаңалықтар