Павлодарда Абай мен Естай Беркімбайұлына ескерткіш қойылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 2020 жылы Павлодар қаласында Абай мен Естай Беркімбайұлына ескерткіш орнатылады. Бүгінде ескерткіштердің үлгісін жасау үшін мүсіншілер арасында байқау өткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова байқауға тек Павлодардың ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Ақтөбенің де мүсіншілері жұмыстарын ұсынғанын атап өтті. «Алдағы жылы ұлы ақын, ағартушы Абайдың 175 жылдығы аталып өтеді. Республикалық деңгейде тойлау барысында Абайға арналған ескерткіш жоқ қалаларда мүсін орнату ұсынылған. Бұл ескерткішке қатысты байқауға 8 мүсіншіден 11 үлгі келіп түсті. Әзірге оның үшеуі іріктеліп алынды», - деді Самал Бегалинова.

Абайға арналған ескерткіш Абай-Кривенко көшелерінің қиылысында орналасатын болады. Сонымен қатар, көрнекті әнші, ақын-сазгер, ҚазССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбайұлының ескерткіші облыс орталығындағы қалалық саябақтың Естай-Академик Бектұров көшелерінің қиылысатын тұсында орын теппек.

«Естай атамызға арналған ескерткіштің мәселесі 9 жылдан бері көтеріліп келеді. Байқау барысында ескерткіштің 9 үлгісі ұсынылды. Айта кетейік, қазақтың қос тұлғасына арналған ескерткіштерге бюджеттен тыс қаржы қарастырылуда», - деді бөлім басшысы.

Соңғы жаңалықтар