Павлодар тұрғыны карантин кезінде қыз ұзату тойын өткізген

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Отбасылық салтанатты рәсімге 50-ден астам адам жиналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz ресурсына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 шілде күні сағат 15.00-де карантин енгізілгеніне қарамастан, қалалық дәмханалардың бірі жұмыс істеген.

- Дәмхананың иесі мен отбасылық мерекені ұйымдастырушы карантинді елемеді және адамдардың денсаулығына қауіп төндірді, - дейді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Кайыров. - Аталған факті бойынша кафе иесіне, сондай-ақ отбасылық іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты материал жиналып, Павлодар облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді. Дәмхана шешім шыққанға дейін мөрленді.

Сонымен қатар, мониторинг тобы рейд барысында тағы бір мекемеде осындай кемшілікті анықтады. Жұмыс істеуіне тыйым салынған мекемеде тексеру кезінде көп адам болған.

Жасқайрат Кайыровтың айтуынша, аталған дерек бойынша материалдар Павлодар облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілген.

- Мониторинг тобы санитарлық-эпидемиологиялық тәртіптің 160 бұзушылығын анықтады, - деді ПД бастығының бірінші орынбасары. - Топ құрамына әкімдік, СЭС және полиция өкілдері кірді. Тексеріс барысында 66 дүкен, 46 дәмхана мен мейрамханалар, 12 кальян, 7 сауна мен монша кешені, 9 ТҚС және ЖҚС анықталды.

Айта кетерлігі, Қазақстанда бұқаралық іс-шаралар өткізуге 6 маусымнан бастап тыйым салынды. Павлодар облысында Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысының сақталуын мониторинг топтары тексереді.

Тәртіп бұзушыларды заңнаманы, санитарлық ережелерді және гигиеналық нормаларды сақтамағаны үшін ӘҚБтК 425-бабы бойынша жазаланады. Жеке тұлғаларға 30 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 230, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 310, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 1600 АЕК айыппұл салынады.

Егер отбасы салтанатын өткізгеннен кейін адам коронавирус инфекциясын жұқтырып алса немесе қайтыс болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды.

Тәртіп бұзушыға 5,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар