Павлодар облысының әкімі қаңтар оқиғасынан кейінгі жаңа бағдарлама туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаңтар оқиғаларынан кейін Павлодар облысында 2022 жылға арналған жаңа іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Бұл туралы аталған өңірдің әкімі Әбілқайыр Сқақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтардағы оқиғалар бірлесіп шешім қабылдауға бағыттады. Кең талқылау мен көпшіліктің дауысы өте маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан біз ескі жоспарларымызды артқа тастап, жаңа бағдарламаға ұсыныстар қабылдай бастадық. Облыстың тұрғындары осыған белсенді қатысты. Ақсақалдар, жастар, қоғам өкілдері, митингіге қатысқандар және басқа да азаматтар өз пікірлерін білдіріп, біз олардың ұсыныстарына барынша ашық болуға тырыстық», - деді Ә. Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол тек бір аптаның өзінде әкімдік 2,5 мыңға жуық өтініш пен ұсыныс қабылдағанын айтты.

«Олардың 60 пайызға жуығы жұмыспен қамту және жастар мәселелеріне қатысты болды. Келіп түскен ұсыныстарды мұқият талдап біз 150-ге жуық адам жиналған екі стратегиялық сессия өткіздік. Оған әр жастағы адамдар, қалалар мен ауылдардан келген азаматтар белсенді қатысты. 5 қаңтар күні алаңда болған адамдар да шақыртылды.

«Жалпы талқылаудың нәтижесінде 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасы даярланды. Бұл өз кезегінде нақты мақсаттар мен проблемаларға қатысты іске асырылатын жұмыстарды қамтыды. Яғни, 5 мың жұмыссыз жасты еңбекпен қамту, 12 мың мектеп оқушысының белсенді демалысына жағдай жасау және басқа да мәселелеп ескерілді», - деді облыс әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Павлодар облысының 6 мыңға жуық тұрғыны жаңа бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Павлодарда емханалардың жұмысын қайта құру жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар